Майлы дақыл – молшылық көзі
Қазақстан қамбалары майлы дақылдарға толуы керек.
Көктемгі егістік науқанына санаулы күндер қалғанда сала мамандары осылай деп отыр. Себебі, соңғы кездері бидай егетіндердің саны артқан. Мысалы, былтыр қоймаға түскен астық дақылдарының 6 миллионға жуығы сұраныстың жоқтығынан қолданылмай қалған. Осы секілді өзге де мәселелер «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен өткен семинарда көтерілді. Жиынға қатысқандар салаға жауапты министрлік өкілдерімен бірге Президенттің егін шаруашылығын реформалау туралы тапсырмасын орындау бойынша ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, қайта бағалау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыру жайы қозғалды.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
- Егін алқаптарын әртараптандыру керек. Қазір біздер 24-25 миллион гектар алқап ексек, соның 12-13 миллионы астыққа кетеді. Сол қазір біздің ел үшін артық деп айтуға болады. Майлы дақылдарға сұраныс өте жоғары. Экономика жағынан тиімділігі жоғары. Пісте майын алайық, рапсты алайық, сояны алайық. Олардың орташа бағасы 1 тоннасына 200 мың теңге. Майлы дақылдарды қанша өсірсе де, шетелде, қасымыздағы Қытай, Ресей, тіпті Еуропа елдері алуға дайын тұр. Ол жоқ.
Алдағы уақытта Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында майлы дақылдар алқабын ұлғайтуға көңіл бөлінеді. Семинарға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков аймақ диқандарының осындай жоспары туралы айтты. Мұның пайдасы мол. Мәселен, жемшөп бағасы тұрақты дамиды. Алайда, алдымен тұқым мәселесін шешу керек.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Бірінші элита ұрықтары керек болады. Майлы дақылдар бойынша, ұрықтарды дамыту бойынша өте нәтижелі, нәтиже беретін ұрықтар керек. Тұқымның жасыратыны жоқ біразы сырттан тасмалданады, импортталады. Биылдан бастап 2024-2028 жылдарға дейін орындалатын кешенді жоспар қабылданатын болады, осы ұлттық ұрықты дамыту бойынша.