Атырау облысында ауыл жолдары жөнделеді

Атырау облысында ауылішілік асфальт жолдардың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

«Тайсойған-Миялы» тас жолының ұзындығы – 46 шақырым. Құрылысы аяқталған кезде осы жолмен Тайсойғаннан аудан орталығына тікелей қатынауға мүмкіндік туады. 800-дей тұрғыны бар ауыл тұрғындары көктем мен қыс айларында жол азабын тартып келеді. Былтыр қараша айында басталған жоба осы жылдың аяғында тапсырылуы тиіс. Құрылыс жұмыстарына 70 шақты техника мен 200-дей адам тартылған. 4-ші санатты асфальт жолдың 30 шақырымында жер тегістеу жұмысы аяқталып келді.

Бақытжан Ізтілеуов, мердігер мекеме өкілі:

- Жер жұмыстары біткеннен кейін астына ылғал ұстайтын «геотекстиль» деген жабынды түседі. Сосын құм, сосын «щебень». Асфальттың ені – 6 метр. 2 қабат асфальт және жергілікті жердің рельфін бақылап қарап, 12 суағар құбырлар болады, сол салынады. 1 метрлік 4 дана, сосын 1,5 метрлік 6 дана және көп су тұратын 2 жерде 4,5 метрлік мал өтетін өткел болады.