Алматыда бүлінген ғимараттар тексеріліп жатыр

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары бүлінген үйлері мен ғимараттардың видеосын әлеуметтік желіге жүктеп әлек.

Қабырғасына сызат түскен нысандардың арасында Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры да бар. «Нысанды күрделі техникалық тексерістен өткізу керек. Қала әкімдігі бұл мәселені дереу қолға алмаса, ғимарат қуатты дүмпуге шыдас бермеуі мүмкін», – дейді өнер ұжымының басшылығы.

Бұл – «Орбита-3» ықшам ауданындағы 11-ші үй. Зейнеткер Гүлсағат Ысқақова 4-ші қабатта тұрады. «Жер сілкінгенде үй теңселіп кетті», – дейді. Түпкі бөлме мен асханадағы қабырғасының әрі түсіп, сызат пайда болған.

Гүлсағат Ысқақова, қала тұрғыны:

- Жер сілкінісі болғанда анау жер сызат болды. Түсіп жатыр «штукатуркасы». Үйде болдық. Шай ішіп отырғам. Шкаф, шәйнек қимылдады.

Көпқабатты үй 1970 жылы салыныпты. Тұрғындардың айтуынша, содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Инженерлік жүйелері де жаңартылмаған. Ал зілзаладан кейін кіреберістегі қабырға ажыраған.

Алмас Садуақас, тілші:

- Қабырғадағы жырық кеңейіп кеткендіктен, ішкі есік не ашылмайды, не жабылмай қалды. Кешегі дүмпуден кейін еденде мынадай сызат пайда болды. Тұрғындар бетонның жертөлеге түсіп кетуінен қауіптенеді.

Ал Сәтбаев көшесіндегі 18-ші үйдің шатырымен өтетін су құбыры жарылды. Су төртінші қабаттағы пәтерге аққан. Пәтер иесі апаттық құтқару қызметін шақырады. Мамандар суды тоқтатқан соң бүлінген құбырды дәнекерлеу жұмысы басталды.

Азамат Бекмолдаев, апаттық құтқару қызметкері:

- Темір жарылып кеткен ғой, жер сілкінісі болғанда жұлып алған ғой. Бітіреміз ғой, 1 сағат, жарты сағатта.

Жер сілкінісінен мәдени нысандар да зардап шекті. Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жағдайы жан жүдетерлік десек артық айтпаспыз. 1980 жылы салынған ғимараттың қабырғалары бүлініп жатыр. Зілзала кезінде адамдарға қорған болады деген қабырғалардың өзіне сызат түсті. Төменгі қабаттағы жағдай да мәз емес. Ескі құбырдан су тамшылайды. Нысанға күрделі сараптамалық зерттеу жасау керек.

Жалпы кешегі жер сілкінісінен мектеп пен балабақша, студенттер жатақханалары да бүлінген. Қазір әр ауданда нысандардың зақымдануын анықтайтын жұмыс топтары құрылған.

Еркебұлан Сембаев, қалалық урбанистика және жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

- Сол қорытындының нәтижесінде қайсысы қауіпті, қауіпті еместігі туралы анықталады. Сосын барып ол әлеуметтік ғимараттар болса, мемлекеттік бюджеттің есебінен қаражат бөлінеді. Ал жеке сектордағы ғимараттар болса, қосымша тағы сараптаманың нәтижесі арқылы қорытынды бере аламыз.

Бүлінген нысанның нақты саны әзірге белгісіз. Урбанистика басқармасының дерегінше, зақымданған ғимараттардың тірек конструкциялары бұзылмапты. Тек сылақ, кафель және қасбетті әрлеу сияқты материалдары ажырап түскен. Айта кетсек, бұған дейін 23 қаңтарда болған жер сілкінісі салдарынан 200-ге жуық ғимаратқа нұқсан келген еді.

Авторлары: А.Садуақас, С. Бейсекенов.