Метеомамандар: Солтүстікте қатты тасқын болуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқынға қатысты гидрологиялық болжам жасалды, деп хабарлайды 24KZ.
Синоптиктердің айтуынша, наурыздың аяғына қарай күн жылынып, сәуірдің басында еріген қар суынан өзен-көлдердің деңгейі көтеріледі. Бұған төтенше жағдайлар қызметі дайын ба? Өңірде қанша елді мекенді су басу қаупі бар?
Қазір метеомамандар үшін нағыз қарбалас басталды. Олар әрбір 5 күн сайын осындай шаңғымен 2 шақырым жол жүріп, қардың қалыңдығы мен оның ылғалдылығын өлшейді. Көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Оксана Павленко, Сергеевка метеостанциясының бастығы:
- Биыл қатты тасқын болады. Өйткені қар көп. Қазір оның құрамындағы ылғал қоры 86%-ке жоғары.
Биыл солтүстікте қар қалың. Мысалы, Ғабит Мүсірепов ауданында орташа жылдық мөлшерден 3 есеге көп жауған. Ал жердің беті 1,5 метрге дейін қатып қалған. «Ертең күн күрт жылынса, еріген қар суы топыраққа сіңбей, жан-жаққа жайылуы мүмкін», – дейді мамандар.
Наталия Левина, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директорының орынбасары:
- Күн наурыздың үшінші онкүндігінде күрт жылынады. Ауа температурасы күндіз де, түнде де 0-ден жоғары болады. Онда еріген қар суы ұлғаяды.
Өңірде су басуы мүмкін деген 87 елді мекен бақылауға алынды. Ол ауылдарда 1,5 мыңнан аса адам тұрады. Апат айтып келмейді. Сондықтан қауіпті аймақтарда алдын алу шаралары күшейтілді.
Сәкен Ағзамов, облыстық ТЖД басқармасының бастығы:
- Облыс бойынша 472 уақытша жайғастыру орны ұйымдастырылған. Олар әлеуметтік нысандарда орналасқан. Қазір елді мекендерде қар шығару, арықтарды тазарту жұмыстары атқарылып жатыр.
Синоптиктердің айтуынша, биыл Есіл өзені арнасынан едәуір асып кетеді. Петропавл тұсында судың деңгейі былтырғыға қарағанда 80 сантиметрге жоғары көтерілуі мүмкін.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.