Қырғызстанға Қазақстаннан гуманитарлық көмек жетті
Қазақстаннан Қырғызстанға гуманитарлық көмектің алғашқы легі жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек жылу электр станциясында болған апаттан кейін көрші елге жәрдем беру бойынша Үкіметке арнайы тапсырма жүктеді. Бүгін дизель отынның мың тоннасы діттеген жерге жетті.
Дизель отынын тиеген 17 вагон Бішкек іргесіндегі Шопоков станциясына келді. Көмектің алғашқы легі ең алдымен Бішкек жылу электр станциясының жұмысын реттеу үшін қажет. Нысан жылына 700 тонна дизель тұтынады. Өткен айда станцияда болған жарылыстан кейін көрші елдің бас қаласының көп бөлігі жылу мен ыстық сусыз қалды.
Таалайбек Ибраев, Қырғызстанның Энергетика министрі:
- Қиын сәтте көрші елдер көмек қолын созды. Өзбекстан газ баллондарын жөнелтті. Қазақстан 2 мың тонна отын жіберді. Ол Бішкектегі жылу электр станциясының жұмысына қажет. Түрікменстаннан сұйытылған газ келді.
Гуманитарлық көмектің екінші партиясы Ыстықкөл облысының Балықшы қаласына жөнелтілді. Мың тонна дизель елді мекеннен Бішкек жылу электр станциясына көмір таситын техниканы жағармаймен қамтамасыз етеді.
Рәпіл Жошыбаев, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Гуманитарлық көмек мемлекеттік «КазЭйд» агенттігінің желісін дамыту аясында көрсетілген. Халықтар арасында бауырластыққа негізделген көршілес достық қарым-қатынас пен өзара көмек қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстан бірден апатты жағдай кезінде қол ұшын созды, сөйтіп, Қырғызстанға жіберілетін электр энергияның көлемін арттырды.
Орта Азия мемлекеттері айыр қалпақты ағайынға қиын кезде жәрдем жасады. Бұл бауырлас елдер арасында аузыбіршілікті арттырып, достық байланыстарды нығайта түспек.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев.