Қазақстанда 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр
Елде бедеулік, белсіздік белең алды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 20 мыңға жуық отбасы перзент сүйе алмай жүр.
Алайда бүгінгі медицина өздігінен босана алмайтындарға көмектесе алады. Қазір бала сүюдің бірнеше мүмкіндігі бар. Солардың бірі – суррогат ана қызметіне жүгіну. Бірақ мұндай шешелер аз. Сол себепті қызмет құны да тым жоғары.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Жатырын жалға берген бар, жалдамалы құрсақтан жалғыз перзент сүйген бар. Иә, суррогаттық ана дегенді білдік, басында мән бермей жүрдік. Кейін бұл кәсіпкерлікке айналды, кей келіншек табыс табуға сайланды. Төлесеңіз, жақсылап бала туып беремін деген жарнаманы да көрдік.
Иә, елде құрсақ қызметін көрсететіндер бар. Себебі сұраныс жоғары. Тіпті шекесі торсықтай ұлы мен қылықты қызын қазақтың жатырында жетілдіруді көздеген шетелдіктер көп. Өйткені бізде арзан баға, жайлы заң бар.
Салтанат Байқошқарова, репродуктолог дәрігер:
- Суррогат ана болатын әйелдер еріккеннен бармайды. Олар ақша тапқысы келеді. Өйткені олар мұқтаж болғаннан кейін, суррогатты ана бағдарламасына мұқтаж болғаннан жұбайларға қызмет етеді. Өз еркімен заң жүзінде, нотариус арқылы келісімшартқа отырады.
Құрсақ аналардың қалауы да әртүрлі. Жарнама сайттары мен арнаулы агенттіктер ұсынған қызмет құнын саралап көрдік.
Алғашында медициналық тексеріске 2 млн теңгеге жуық қаржы жаратасыз. Артынша суррогат анаға 3 млн теңге бересіз. Нотариалдық қызмет құны – 60 мың. Оған жүктілік кезіндегі күтімге төлейтін 2-2,5 млн теңге қосылады. Тіпті жүкті әйелдің жерік асы да сіздің мойныңызда. Бұл – нарықта төменгі баға. Қысқасы, өзгенің жатырында жетілетін ұл-қызыңыз үшін 10 миллиондап ақша санап беруге даяр болуыңыз керек.
Ал бұл өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Мәселен, бұл қызмет түріне Чехияда 80, Бельгияда 65, Дания мен Ресейде 60 мың АҚШ долларын жаратасыз.
Салтанат Байқошқарова, репродуктолог дәрігер:
- Әйелдер 5 миллионнан артық, сол шамада қаражат алады. Ал енді сол бір жыртығын жамайды деп айтайық. Кредитін жабады немесе бір жыртығын жамар. Үй алуға себеп, 5 млн-ға үй ала алмайды. Балаларын емдете ме, оқыта ма? Сондықтан олар – қаражатқа мұқтаж жандар. Өте сирек жағдайда ақысыз суррогаттық ана болады.
Қазақстанда құрсақ ана қызметі арзан екенін айттық. Сондай-ақ шетелдіктерді біздегі заңның ыңғайлығы да қызықтырады. Мәселен, алда-жалда суррогат ана айтқанынан айнып, тоғыз ай көтергенін тапсырыс иелеріне беруден бас тартуы мүмкін. Ондайда баланы генетикалық ата-анасына қайтаруға сот араласады. Ол заңмен шегеленген. Тіпті әлгі ана сәби туралы ақпарат таратса, түрмеге қамалады.
Асқар Астаев, заңгер:
- Адамның жеке өмірі туралы ақпаратты оның келісімінсіз басқа да деректерді тарату 3 мың АЕК дейін айыппұл төлеуден бастап, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жазаға тартылады. Бұл ақпараттарды жаңағы БАҚ арқылы интернет желілерінде тарататын болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Ал дін қызметкерлері жатырды жалға беру дегенге үзілді-кесілді қарсы. Бұлай жалғаса берсе, құндылықтарымыз тапталып, ұлттық кодымыз жойылады екен.
Елібек Тасболатұлы, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
- Неке жоқ болған соң дінімізде зинаның бір түрі болып есептеледі. Яғни, дініміз қайтарған зинаның бір түрі болып есептеледі. Дініміздің асыл мұрат-мақсаттарының бірі – текті сақтау. Тектілік дейміз, бұл – қазақтың дәстүріне біте қайнасқан дүниелер. Ана болашақта ұл туады өзінің күйеуінен, сосын кезінде жаңағы суррогаттық ана ретінде босанып берген балаға бір-біріне үйленіп жатса, не болады? Бұл тексіздікке апарады.
Елде 28 клиника жасанды ұрықтандырумен айналысады. Оның 12-сі суррогат аналардың қызметіне жүгінеді. Алайда жыл сайын қанша сәби жалдамалы жатырда өмір есігін ашатыны белгісіз.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Мұрат Әріпханов.