Интернет алаяқтарды анықтайтын орталық құрылады

Клиенттердің қаражатын алаяқтардан қорғау мақсатында антифрод-орталық құрылып, мемлекеттік сатып алу және бюджет шығыстарының ашықтығын арттыру үшін цифрлық теңгенің әлеуеті пайдаланылады.

Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезде айтты. Ол Ұлттық банктің былтыр және биылғы қаңтар-ақпан айларында жүргізген ақша-несие саясатының қорытындысы туралы есеп берді. Алдағы жұмыс жоспарын таныстырды. Елдегі және жаһандағы инфляцияның қарқыны жайында айтып, оны тұрақтандыру шаралары жөнінде есеп берді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері мен алтын-валюта қорының жай-күйін де сөз етті. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында да баяндады. Ұлттық төлем жүйесін дамытуға, ашық банкинг қағидаттарын енгізуге бағытталған жобаларды да тілге тиек етті. Өз кезегінде мемлекет басшысы Ұлттық банк қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.