Үкімет басшысы ДДҰ өкілімен кездесті
Премьер-Министр Олжас Бектенов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңір бюросының директоры Ханс Клюгемен кездесті.
Үкімет басшысы еліміз бен ұйым арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында денсаулық сақтау қызметкерлерімен жаппай қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. Халық денсаулығын жақсарту, кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері де басты назарда. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде елімізде қан айналымы жүйесі, тыныс алу жолдары ауруларымен сырқаттану саны азайып келеді. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім деңгейі де төмендеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Қазақстан саладағы тұрақтылықты арттыруда айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенін айтты. Кездесу соңында медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстары жалғасатыны белгілі болды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өздеріңіз білетіндей, біздің Президентіміздің медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі елдер коалициясын құру жөніндегі бастамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры және Ұйымға мүше мемлекеттер қолдады. Женевада өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында мүше мемлекеттер мен даму жөніндегі әріптестердің қатысуымен Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша елдер коалициясын іске қосу біздің бірлескен жұмысымыздың маңызды қадамы болмақ.