Жезқазғанда 57 көшенің жолы жаңарады

Биыл Жезқазғанда 57 көшенің жолы жаңарады. Жалпы ұзындығы 40 шақырымдық жолды орташа жөндеуге қазынадан 4 млрд 200 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық. Жоба сараптамадан өтті. Қазір мемлекеттік сатып алу  байқаулары өтіп жатыр. 

Көктем туа көлік жолдарының шұрық-тесікке айналуы – Жезқазғанда жылда қайталанатын жағдай. Шеткері аудандарды былай қойғанда, орталық көшелердің өзі ойдым-ойдым.

Өткен жылы 8 көшеде 11 шақырым жол жөнделді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Жұмыс сапасыз орындалған.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бұл – қаланың дәл орталығындағы Гагарин көшесі. Жолдың сыйқы – мынау. Былтыр ғана жөндеу жасалды деп айтуға келмейді. Асфальт жамылғысы жылға жетпей қар суымен шайылып кетті. Академик Байқоңыров көшесінде де дәл осындай жағдай.

Нұрбол Садықов, қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Мердігерлік ұйымды жосықсыз деп тану бойынша сотқа талап-арыз жолданған болатын. Қазіргі уақытта азаматтық іс қарастырылып жатыр. Ағымдағы жылы осы екі көше бойынша сот шешімі шыққаннан кейін дефектілік акт жасап, қосымша жұмыстар ұйымдастыратын боламыз.

Биыл облыс орталығында 40 шақырым жолға орташа және күрделі жөндеу жүргізіледі. Соның өзінде шаһардағы жүруге жарамды жолдардың көлемі 69% құрайтын болады. Көлік ағыны көп орталықтағы 7 көшеге қиыршықтас араласқан мастикалық бетон қоспасы төселеді.

Нұрбол Садықов, қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алулар барлық көшелер бойынша жарияланған. Мердігерлік ұйымдардың тапсырыстары қарастырылып жатыр. Жұмыстарды ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін бастауды жоспарлап отырмыз.

Қаладағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы – 215 шақырым. Оның тек  55% ғана асфальт жамылғысы төселген. Олқылықты жою үшін көп қаражат қажет. Сондықтан жол құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.