Көкше төріндегі Наурыз мейрамы. LIVE
Ақмола облысының жұртшылығы да Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтіп жатыр.
Дәл қазір Көкшетаудағы орталық алаңда «Жаңаның басы – Әз-Наурыз!» атты мерекелік шара басталады.
Абзал Балтабаев, тілші:
- Біздің де, мерекені тойлауға жиналған халықтың да көңіл күйі көтеріңкі. Күнде жылынып, жадырап тұр. Біз қазір Абылай хан алаңындамыз. Мерекелік шара санаулы минуттардан кейін басталады. Байқап тұрғандарыңыздай, халық жиналып жатыр. Дәл осы жерде алдымен келген тұрғындарға театрландырылған қойылым ұсынылады.
Ән мен жырдың мекені атанған қасиетті Көкше жерінде сал серілердің әндері шырқалады. «Базарын құтты болсын ардақты елім» деп Біржан бабамыз шырқағандай, дәстүрлі ән мектебінің өкілдері де өз өнерін халыққа паш етеді. Көріп тұрғандарыңыздай, орталық алаңға қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Онда қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, насихатталып жатыр.
Айта кетейік, аймақта ұлттық мереке қарсаңында 5 мыңға жуық шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Оның ішінде спорттық және мәдени шаралардың үлесі басым.
Сонымен қатар бүгінгі шарада спорттық ойындар халықтың делебесін қоздырып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Ерлер жағы күрес пен арқан тартысқа атсалысып, кір тасын көтеріп жарысып жатыр. Жеңімпаздарға қомақты жүлде қоры табысталады. Балалар жағы асық атып, тоғызқұмалақ ойнайды. Ал қазір басталатын мерекелік концертте жергілікті өнерпаздардан бөлек, есімі елге белгілі әншілер де шақыртылды. Концерт кешке дейін жалғасады, – дейді ұйымдастырушылар. Ал өңірде Көрісу күні басталған шаралар легі ертең экологиялық акциямен түйінделеді.