Ақтөбе облысындағы тасқын: Маңғыстау өңірінен қосымша күш тартылады
Ақтөбе облысында көктемгі су тасқынына қарсы күреске Маңғыстау өңірінен қосымша күш тартылады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір аймақтың екі ауданындағы жағдай күрделі. Шұбарқұдық ауылындағы ахуалды тұрақтандыру үшін 200-ден астам адам мен 34 техника жұмылдырылды. Олардың арасында әскери қызметшілер де бар. Мұнда 5 үй мен 25 ауланы су басты.
Сержан Қуанышбековтың үйі екі тәулік бойы су ортасында тұр. Былтыр көшіп келген баспанасына қазір кіру мүмкін емес. Айналаның бәрін су басқандықтан, отбасымен тумаларын паналап жүр.
Сержан Қуанышбеков, Шұбарқұдық кентінің тұрғыны:
- Мына жауын-шашын бар, еріген қардың суы, соның барлығы көтеріліп енді бұл. Үй деген апатты жағдайда тұр, үйдің ішінде барлық заттар суға кетті.
Шұбарқұдық кентіне топан су кеше түстен кейін келе бастаған. Қырдан аққан қар суы ауыл маңындағы бөгеттен асып кеткен. Салдарынан аудан орталығындағы 7 көшені басып, 5 үйге кірген.
Нұрғали Жүнісов, ТЖД бастығы:
- Тағы да үйлерді су басу оқиғалары орын алған болса, әрі қарай біз анықтаймыз. Су басқан аулаларда қазіргі таңда 14 мотопомпа жұмыс жасап, аулалардағы суларды қауіпсіз жерлерге шығарып жатыр. Біздің облыста жағдайдың күрделенуіне байланысты Маңғыстау облысынан 52 жеке құрам мен 5 техника жолда келе жатыр.
Тасқынға қарсы шараларды күшейту үшін жүздеген адам мен 40-қа жуық техника жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнында Төтенше жағдай министрлігінің вице-министрі Ерлан Нұрпейісов те жүр. Су айдау жұмысы мен ағыстың бағытын бұру, бөгеу ісі қарқынды.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Өңір бойынша 4 ауданда қауіп болып, екі күн ішінде біраз жұмыстарды әріптестермен бірге жасадық. Қаізрі таңда, міне, су ауылға кірді. Егер зардап шеккен үйлер болса, соны қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Комиссия, бәрі осында болады. Төтенше жағдай бола ма, болмай ма – бәрібір ешкім тыс қалмайды.
Қазір жағдай тұрақталып келеді, – дейді мамандар. Бірақ жұмысты бәсеңдетуге болмайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Қазір өңірдегі жағдай жауапты мекемелердің бақылауында. Тұрғын үй алаптары мен облыстық және республикалық жол бойында жиналған суларды сору үздіксіз жүріп жатыр. Мамандардың мәлімдеуінше, қажетті күш пен материал қоры жеткілікті.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.