Ақмола облысында ТЖД құрамы күшейтілген режимге көшті

Биыл Ақмола облысында қар жылдағыдан екі есе көп түсті, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметін алаңдатып отыр. Мамандар су тасқынының алдын алуға қызу дайындалып жатыр. Аймақта жедел штаб құрылып, төтенше жағдай қызметі күшейтілген режимге көшті.  

Қазір Көкшетауда күн күрт жылынып, қар тез ери бастады. Біраз учаскені су басу қаупі бар. Әсіресе Қылшықты өзенінің деңгейін бақылау күшейді. Қылшақты өзені қаланың ішімен ағып өтеді. Қазір су деңгейі көтеріліп келеді. Өзен аумағында мектеп пен жер үйлер орналасқан. Тәртіп сақшылары көпірді бөгеп жатса, коммуналдық қызметкерлер аумақтағы қар мен күл қоқысты тазартып жатыр.

Ал аудандардағы қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де Жабай, Колутон, Шағалы өзендеріндегі су деңгейі төтенше жағдай қызметінің назарында. Себебі аталған өзендердегі мұздың   қалыңдығы мен ылғал мөлшері жылдағыдан жоғары.

Анна Бронникова, «Қазгидромет» РМК филиалының инженері:

-Қазіргі уақытта аймақта қар тез ерігенімен, гидрологиялық жағдай әзірге тұрақты. Синоптиктердің болжауынша, сәуір айының басында күн тағы жылынады. Бірқатар аудандарда жауын-шашын болады деп күтіліп отыр. Бұл өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғады.

Қар суынан ауылдарға қауіп бар. Әсіресе елорда маңындағы елді мекендер бақылауға алынды. Өйткені соңғы тәулікте бірнеше ауланы қарғын су басқан. Тасқынның алдын алу үшін Целиноград, Аршалы және Атбасар аудандарына қосымша күш пен техника жіберілді. Сондай-ақ облыс орталығында аймақтық жедел штаб құрылды.

Олег Малюк, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Бізге хабарлама түскен кезде бірден оқиға орнына шығамыз. Техникалар, қажетті қондырғылармен толық қамтамасыз етілген. Бірінші кезекте су сору жабдықтарын аламыз. Жалпы осындай жағдайларды болдырмау үшін біз жеке сектордағы үйлерді үнемі бақылауда ұстаймыз. Қазіргі уақытта 300 тонна жанар-жағармай, 23 мың тонна инертті материал мен 95 мыңнан астам қап дайындалды.

Өңірде 127 елді мекенді су басу қаупі бар. Алдын алу шараларына 200 техника мен 500-ге жуық адам жұмылдырылды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.