Ұлытауда бірнеше жолды су шайып кетті

Ұлытауда бірнеше жолды су шайып кетті

Ұлытауда облыстық және аудандық маңыздағы бірнеше жол учаскесін су шайып кетті. 

Күн күрт жылынып, қар тез ери бастаған кезде, су өткізгіш құбырлардың қауқары жетпей қалды. Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл, Қорғасын, Терісаққан және Сарлық ауылдарына баратын жолдарда көлік қозғалысы шектелді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қаражал қаласындағы құрылыс жүріп жатқан учаскедегі айналма жолды да су басып қалды. Құтқарушылар елдімекендерге қауіп жоқ дейді. Жолдың арғы бетінде қалған ауыл тұрғындары аса қажеттілік болған жағдайда арнайы техниканың көмегімен тасымалданады.

Ерлан Түсіпов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

- Табиғаттың тосын мінезіне қарсы еш шара қолдана алмаймыз. Су шайған жолдың екі бетіне күзет қойылып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Тасқынның беті қайтқан бойда мердігер ұйымдар жолды қалпына келтіру жұмыстарын бастайды.