Аягөзде төтенше жағдай жарияланды
Абай облысының Аягөз ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Кеше Аягөз өзені ернеуінен асып, Аягөз бен Бозай ауылын байланыстыратын көпірді су шайып кетті. Қазір үш ауданда қарғын суға қарсы күрес жүріп жатыр.
Үш ауданның тұрғындары еріген қар суымен арпалысып жатыр. Кеше Жаңа Семей ауданының Қаракөл ауылындағы бірнеше үйдің қора-қопсысына су кірді. Елді мекенге қарғын су Абай ауданы жақтан келген.
Ардақ Ысқақов, ауыл тұрғыны:
- Жылда болмайтын. Биыл осындай су болып тұр ғой. Мына қызыл судың қаптап тұрғаны осы ғой. Былтыр күзде жауын болды. Жерге су сіңіп алды да су басып кетті. Себебі осы жол ғой. Жолдың мәселесін көтеріп, жолды жасап, ана жерге бөгет қойса. Бәр су ауылға келмейтіндей алдынан. Алдын ала шара қойып. Бері қарай бұратындай қылып.
Отызға тарта түтіні бар ауылға қауіп төніп тұрған жоқ. Судың деңгейі төмендеді.
Азамат Қасым, тілші:
- Судың деңгейі түскенімен ауылдың сыртында және ауылдың ішінде су әлі бар. Сондықтан Төтенше жағдай мамандары жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Қымбат Көпбаев, Семей қалалық Төтенше жағдай басқармасы бастығының орынбасары:
- 70-80 сантиметрге дейін судың деңгейі төмендеді. Қазіргі уақытта екі погрузчик судың жолын салып жатырмыз. Үлкен су келетін жағдай болып қалса өзінің арнасымен, қазіргі бағытта салып жатқан жолмен кететіндей жағдай жасап жатырмыз. Бір дана техника, 6 кісі осы баста отырмыз. Жаңағы бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Жарма ауданының Шар қаласында 14 үйдің ауласына су кірді. Қарғын судың бетін қайтаруға 20 адам мен 8 техника жұмылдырылған. Әсіресе Аягөз ауданында жағдай күрделі. Кеше Аягөз өзені ернеуінен асып, Аягөз бен Бозай ауылын байланыстыратын көпірді шайып кеткен. Тасқын салдарынан елді мекенмен қатынас үзілген. Қазір ауданда тасқынға байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Тек ғана Аягөз қаласы бойынша 5 аулаға су кірді. Басқа елді мекендер аман. Ол жерлерге ешқайда су кірген жоқ. Қардың еру процесі әрмен қарай жалғасып жатыр. Соған байланысты біз департаменттің қосымша Аягөз қаласына 15 адам құтқарушыларды жіберіп жатырмыз. Су тарту құралдары бар. Жедел топты.
Өңірде күн күрт жылығандықтан Төтенше жағдай мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ал тасқын қаупі басым үш ауданда қазір 100-ге тарта адам мен 20-дан астам техника жүр.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов