Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы күрес күшейді

Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы ауылының тұрғындары тасқыннан зардап шегіп отыр.

Айналаны су басқандықтан бірі үйінен шыға алмай жатса, енді бірі мал-мүлкін тастап туыстарын жағалап кеткен. Ал облыс бойынша 10 үй мен 61 аула суда қалған. Тасқынның беті қайтпайынша күні-түні жұмыс істеуге бекінген құтқарушылар бір тәулік ішінде жүздеген адамды эвакуациялады.

Ғабдолла Аймағамбетов екі күннен бері үй ішіне кірген суды сыртқа шығарумен әлек. Лезде келген топан су ауланы басып, баспананың барлық бөлмесіне жайылған. Тек қақпа алдына құм төсеп қана ағысты бәсеңдетіпті. Енді сарайы мен мал қорасын тазалап алмақ. 

Ғабдолла Аймағамбетов, Қурайлы ауылының тұрғыны:

- Дамбаны жабу керек еді, ол дамба ана жақ русломен Елекке (өзен) кету керек. мынау содан келіп жатқан сулар. газ істемей қалды, шәй ішкім келіп отыр ол газ істемейді. Келіншегім әне тоңып отыр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қурайлы ауылына қырда еріген қар суы кеше кештен бері кіре бастаған. Нәтижесінде елді мекеннің төменгі жағында су жиналып, жақын маңдағы үйлерге қауіп төндірді. қазір тұрғындардың айтуынша мұнда 20 баспана су ортасында тұр.

Қазір мұнда құтқарушылар тобы мен арнайы техникалар ауылға кіріп жатқан суды құммен бөгеп жатыр. Дәл осындай тасқынға қарсы жұмыстар қаланың 10-нан астам бөлігінде жүргізілуде. Себебі топан су қалыпты тіршілікке кері әсер етуде. Мәселен, тасқынның салдарынан шұғыл түрде көмек көрсетуге бара алмай қалған дәрігерлерді үш құтқарушы алып шықты. Ал өңір бойынша күрделі саналған Темір ауданында қазір судан келер қауіп сейілген. 

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД бастығы:

- Шұбарқұдық елді мекенінде орналасқан дамбаның жағалауларын жергілікті атқарушы орган, ТЖД қызметкерлерімен қарқынды нығайту нәтижесінде аталған елді мекенде 27 наурыз күні қауіп сейілді. 

Дегенмен, көрші Қоба ауданының Қанай елді мекенінде жағдай мәз емес. Су тасқынына орай, әскери қызметшілерден құралған жасақтың көмегімен елді мекен тұрғындарын эвакуациялау басталды. Ал төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша бүгінгі күні қауіпті аумақтардан 230 адам шығарылыпты.

Мамандар бүгін түнде ауа райы салқындайтынын айтады. Сөйтіп, тасқын бәсеңдейді деген үміт бар.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев