Ж. Жөргенбаев: Белгіленген меже орындалмады
Ауылдар мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бағдарламалардың дені межеленген индикаторға қол жеткізбеді.
Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев: «Көптеген өршіл жобалар қағаз жүзінде қалды», - дейді. Бүгін осылай деп сауал жолдаған сенатор соңғы екі жылда Премьер-министрдің атына 50-ден аса депутаттық сауал жолданғанын, алайда Үкімет тарапынан келген ресми жауаптар көңіл көншітпейтінін атап өтті. «Ауылшаруашылығы мен агробизнес мәселесінде кешенді шешім қабылдау үшін саланың өзара тәуелді дамуын көздейтін бағдарлама дайындау қажет», - дейді Жанболат Жөргенбаев.
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
- Агробизнес мәселесінің кешенді шешімін табу үшін олардың өзара тәуелді түрде дамуын ұйғаратын жалпы бағдарлама дайындалып, агробизнестің қалыптасуы мен дамуының барлық жағдайы қарастырылуы тиіс. Тек сонда ғана нарықтық экономикасы бар басқа дамыған елдердегідей агробизнестің ел экономикасындағы рөлі мен мәнін жоғарылатуға болады.