Өңірлік басылымдар мәселесі
Өңірлердегі мерзімді басылымдарды дамытып, оқырман санын көбейту керек.
Мәселе Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен өткен комитет отырысында талқыланды. Сондай-ақ жиында мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру ісі қаралды. Депутаттардың айтуынша, өңірлік басылымдарға жаңа серпін беру – маңызды.
Бүгінде ел бойынша тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының саны төрт мыңға жуықтайды. Оның 70 проценті баспа мен басылым. Бірақ оларды дамыту мәселесі ақсап тұр. Бұл проблема бүгін Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде қаралып, мәжілісмен Асхат Аймағамбетов мерзімді басылым – тек ақпарат көзі емес, ол ең алдымен, идеологиялық құрал екеніне тоқталды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына неолибералдық көзқараспен парадигма шеңберінде қарауымызға болмайды. Олар бізде ешқашан былай қарағанда пайдалы болмайды. Біз олардың пайдасын тек қаржылық көрсеткіштермен қарамауымыз керек. Олардың бізге беретін идеологиялық тұрғыда, жалпы біздің жергілікті қауымдастыққа беретін көмегі де осында. Ол жергілікті проблемаларды қарайды, оларды жеткізеді деп, осы тұрғыда қарау керек деп ойлаймын.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың сөзінше, мерзімді басылымдардағы оқырман санын арттыру керек. Ал ол үшін газет сатылатын дүңгіршектерді көбейту қажет.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- Кез келген адам газет оқимын десе, қайдан алады? Киоск жоқ. Қазір Қазақстанда тек 400 газет дүңгіршектері бар. Яғни осы газеттердің мәселесін шешу үшін, әрине қаржы мәселесін шешеміз. Бірақ оның мультипликативтік әсері болуы үшін осы 2 мәселені шешуіміз керек. Біз оның таралымын көбейту керек және дүңгіршектердің көбейту керек.
Депутат Ринат Зайытов болса, газет оқитын оқырманның жоқтығын айтады. «Себебі, қоғамда ондай оқу мәдениеті қалыптаспаған. Сондықтан бірінші кезекте медиаменеджментті дамыту керек», - дейді ол.
Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 20 мен 40-тың жас арасында қанша оқырман бар? Осы жерде проблеманың бәрі. Газет шықпай жатыр емес, шығып жатыр. Ақша бөлінбейді емес, бөлініп жатыр. Бірақ оқырман жоқ. Неге? Бізде газет оқу мәдениеті жоқ. Шәкәрімнің жақсы сөзі бар: газет шығар, кітап жаз. Бастырт, оқыт қазаққа. Мақтағанға болып мәз, қала берме мазаққа деген.
«Мемлекет барлық бұқаралық ақпарат құралын қаржыландыра алмасы анық. Дегенмен жауапты министрлік өңірлердегі басылымдардың мазмұндылығын арттырып, оның таралуына көмек береміз», - деп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ербол Дайыров