Ақтөбеліктердің су тасқынынан болған шығыны өтеледі
Ақтөбе қаласы мен облыстың бес ауданында жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Аймақ бойынша 200-ден астам үй су астында қалса, 2 870 адам эвакуацияланған. Облыстағы су тасқыны жағдайымен бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр танысты. Сондай-ақ, орталық және жергілікті органдардың жұмысын үйлестіру барысын бақылады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Еріген қар суына толған Ақтөбе су қоймасында болды. Осы жерден тасыған судан Елек және Қарғалы өзендерінің бойында орналасқан саяжайлар су астында қалды. Роман Скляр қойманың жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, ал су жіберу бойынша барлық істі атқарушы органдармен келісуді тапсырды. Сондай-ақ Сазды су қоймасы мен Елек және Қарғалы өзендерінің бойындағы тұрғын үй алаптарын тікұшақпен аралап шықты. Алға ауданындағы қорғаныс бөгеттерін де тексерді. Қазір өңірде 6 аудан электр қуатынан ажыратылған, жүздеген үй суда қалған. Тасқын салдарын жою үшін облысқа 220 адам мен 20-дан астам техникасы бар Маңғыстау өңірінің төтенше жағдай қызметі мен әскери бөлімдерінен қосымша күш келді. Билік өкілдері зардап шеккендерге Үкімет және әкімдіктер тарапынан көмек көрсетілетінін атты.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Өкінішке орай, біздің азаматтарымыздың табиғи апатқа тап болуы бірінші рет емес. Сондықтан баспанасын қайта қалыпқа келтіру, келтірілген шығынға орай, зардап шеккендерге төлемақы, үйін жөндеу немесе жаңасын салу мәселесін арнайы комиссия, әкімдік қарастырарады. Қажетті көмек көрсетеміз. Егер облыстық бюджеттің қаржысы жетпесе, онда республикадан қолдау болады.