Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы үнемі соққыға жығып келген

Күдікті Қуандық Бишімбаев азаматтық некеде болған Салтанат Нүкенованы үнемі соққыға жығып келген.

Бүгін экс-министрге қатысты кезекті сот отырысында марқұмның туған ағасы Айтбек Амангелді осылай деді. Сөзіне дәлел ретінде қарындасы жіберген фотосуреттерді де көрсетті. Таңғы 10-да басталған отырыс екі бөлімге созылды. 3 сағаттан астам уақыт бойы марқұмның ағасы толық түсініктеме берді.

Марқұмның ағасы Айтбек Амангелді 3 сағаттан астам уақыт бойы сотта жауап беріп, қарындасы мен күйеу баласының қарым-қатынасы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның сөзінше, Қуандық Бишімбаев әйелін үнемі ұрып отырған. Сөзіне дәлел ретінде фотосуреттерді де көрсетті.

Айтбек Амангелді, марқұмның ағасы:

- Ол күні мен үйге түнгі бір шамасынде келдім. Телефоныма көптеген хаттар келген екен. Оның дені осындай фотосуреттер болды. Бұнда қарындасыма күш көрсеткені анық көрініп тұр. Мен Салтанат үшін қобалжып кеттім. Қоңырау шалып едім, жауап бермеді. Үйлеріне бардым. Қуандық екеуіміз сөзге келіп қалып, төбелес шықты. Ол кезде пәтерде Салтанат болмады. Қарындасым сол үйде үшінші қабаттағы ата-аналарының пәтерінде екен. Салтанат маған бұл жағдайды өздері реттейтіндігін айтты. Мен оған бұндай соққылармен Қуандық сені бір күні өлтіретіндігін де ескерттім.

Айтбек Амангелді марқұм Салтанат Нүкенова Бишімбаевтан 8 рет кетіп қалып, қайта оралғандығын да айтты. Қуандық жөн-жосықсыз қызғана беретін, дейді.

Айтбек Амангелді, марқұмның ағасы:

- Мен Салтанатты 8 наурызда түс уақытында құттықтауға барғанда көрдім. Оған бір құшақ гүл сыйладым. Сол кезде оның бет-әлепті қатты шаршаңқы күйде болды. Көзінің асты қарайып кеткен. Не болды деп сұрап едім. Қуандық түнімен ұйқы бермеді, түнімен сөйлесіп шықтық, ал таң атпастан балгерге баруға мәжбүрледі деді.

Отырыста айыпталушының қорғаушылары Айтбек Амангелдіге қарындасының тұрмысқа шыққанға дейінгі жеке өміріне қатысты сұрақтар қойды.

Жанна Оразбақова, жәбірленуші тараптың адвокаты:

- Біздің ойымызша, бұның қылмыстық іске түк қатысы жоқ.

Ерлан Ғазымжанов, Қ. Бишімбаевтың адвокаты:

- Бұның барлығы Қуандық Бишімбаевтың берген айғағынан түсінікті болады. Сондықтан біз жәбірленуші тараптан анық-қанығын сұрап жатырмыз. Оның үстіне бұның барлығы, яғни жанжалдың себебі марқұмның бұрынғы қатынастары, Қуандықтың қызғануы болды деп айыптау актісінде де көрсетілген. Сол себепті біз тиісті сұрақтарымызды қойып жатырмыз.

Бұл істе Қуандық Бишімбевты 4 адвокат қорғап жатыр. Экс-министрге қылмыстық кодекстің 3-бабы бойынша айып тағылған. Онымен бірге оның туысқаны, оқиғағаға қатысы бар деген күдікті - гастро орталықтың директоры Бақытжан Байжанов та айыпталып отыр.

Риат Шони, тілші:

- Қоғамда резонанс тудырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, оның ісі алқабилердің қатысуымен қаралуда. Бұны айыпталушы тарап өзі сұраған болатын. Ал Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыптармен әлі де келіспейтіндігін айтуда. Экс-шенеунікке қатысты ендігі сот отырысы келесі аптада өтеді деп жоспарланған.

Риат Шони, Диас Қобыланбаев