Қаратөбе ауданына көлік қатынасы шектелді
Батыс Қазақстан облысында су тасқынының беті әлі де қайтар емес.
Бүгін Деркөл өзені қауіпті деңгейден асып, жағалауындағы елді мекендерге қатер төндіріп тұр. Шаған өзенінің де арнасы тола бастаған. Ал облыс аумағындағы 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. 16 бағыттағы жолды су басып, 8 жолды су жырып кеткен. Көлік қатынасы үзілген аудан орталықтары бар.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Облыс орталығынан 250 шақырым жерде орналасқан Қаратөбе ауылы дәл қазір теңіз ортасындағы аралға айналды. Кешелі бері Қалдығайты өзені тасып мұнда көлік қатынасы мүлдем үзілді. Бүгінде жеңіл көліктер жүре алмайды. Тек Төтенше жағдайлар департаментінің мына ауыр көліктері ғана жолаушыларды әрлі-берлі тасымалдауда.
Бірақ ол да тәулігіне бірнеше мәрте жүреді. Барғанда құм тиеген жүк көліктерімен өткен едік. Су деңгейі көтеріліп кетіп, сол күні кері қайта алмадық, келер түске дейін күттік. Оның өзінде екі құтқарушы екі жақта темір істіктермен жол жиегін барлап, көліктің алдын сеңнен тазалап 4 шақырымдай жүріп отырды. «Әйтпесе су астынан жолдың сорабы байқалмайды. Сәл қиыс кетсең, терең шұңқырға күмп етуің әбден мүмкін», - дейді Қуаныш Құмаршиев. Ол Қаратөбе ауданында су тасығаннан бері жүр.
Қуаныш Құмаршиев Орал Қ. №8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
- Асфальтты жоғалтып алмас үшін ориентир ғой. Жанын жоғалтып алса, түсіп кетеді ғой. Кеше түсіп кетті мысалы бір машина. Батып қалған. Сол сияқты. Су терең. Мұз да бар және толқын соғады, қатты ағыс бар.
Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің еңбегі ерен. Мысалы бейсенбіде жеткен қорғаныс министрлігінің Ми-8 арнайы тікұшақтары екі күн бойы Қоржын ауылының тұрғындарын аудан орталығына тасымалдады.
Меңдібек Сариев, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Қатынас жоқ. Сүйреп өтті трактормен. Мен мұндай су екенін білмеймін. Іліп ал дегенге іліп алдым да, міне машина судан толып кетті ғой. Аржағынан вертолетпен келдік. Машинаны алдында қойып кеткем. Су тасымай тұрып. Қалаға кетіп бара жатырмыз. Ауылдың бәрі суға кетті. Үй құлап қалды. Бізді жаңа вертолетпен түсіріп жатыр. Кешеден тасып үлгере алмай жатыр.
Су тасқыны басталғалы Қаратөбе ауданының өзінде 3 ауылға баратын жолды су жырып кеткен. Ал өңірде 16 жолды 37 жерде су басып қалған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Е. Аюпов