Алматы облысындағы көл жағалауын нығайтуға еріктілер жұмылдырылды
Алматы облысындағы «Амангелді 2» көлінің жағалауын нығайтуға 300-ден астам волонтер жұмылдырылды.
Барлығы да Іле ауданына қарасты Қараой және Байкент ауылының тұрғындары. Жергілікті кәсіпкерлер төтенше жағдайлар қызметкерлері мен құтқарушыларға және бөгетті бекіту жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастыруда. Айналма тоғанмен су ағып үлгермегендіктен бөгеттің үстіне мотопомпалар қойылды. Құтқарушылардың мәлімдеуінше, көлдегі су қазір қалыпты деңгейде. «Бөгет енді бірер сағат шыдап берсе, көлдің суы түсе бастайды», - дейді мамандар.
Жұлдызхан Жұмақанқызы, Қараой ауылының тұрғыны:
- Қазіргі таңда осы жерде жүрген барлық ТЖМ, еркін волонтерлардың барлығы да түніменен мешітте қазан асылып, плов, тегін шай, барлығын ұйымдастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде қыздарымыз шай, тамақтарын дайындап, ыстық шайларын беріп, дайындалып жатырмыз. Одан бөлек тағы да бұқаралық көмек ретінде ақшалай көмек жиналып жатыр. Барлық керек-жарақтың барлығын біз жасап беріп жатырмыз.
Ерсін Жағыпаров, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
- Өрт сөндіру бөлімдеріндегі тіркемелі арнайы мотопомпаларды жұмылдырудамыз. Қазіргі таңда 4 арнайы мотопомпа жұмыс істеуде секундына 300 литр су лақтыратындай. Сонымен қатар қосымша инертті материалдар мен инертті материалдарды арнайы қаптарға қаптап, бекіту жұмыстары жүргізілуде. Судың деңгейі қазір бірқалыпты. Төмендеу ақырындап түсе бастайды.