Президент жазушы Сәбит Досановтың отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қаламгер, драматург, «Отан» орденінің иегері, Мемлекеттік және Михаил.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты Сәбит Досановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

«Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Сәбит Досанов 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы, Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында дүниеге келген еді. Көптеген роман, повесть, әңгімелердің авторы. «Қайырлы таң», «Жанр тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар, адамдар» «Жиырмасыншы ғасыр»  атты шығармалары оқырман қауымға кеңінен таныс. Сондай-ақ автордың «Дауыл», «Ертең бюро» атты драмалары отандық және шетелдік театрларында сахналанды.