Дәстүрлі садақ ату өнері
Маңғыстау облысы, Атамекен ауылының мұғалімдері «Дәстүрлі садақ ату» пәніне арнап әдістемелік құрал жазды.
Көрнекі нұсқаулықта садақ пен жебе түрлері, садақты қолдану тәсілдері, тіптен үйірме сабағының кестесіне дейін жазылған. Оқу-әдістемелік құралды білім және ғылым министрлігі де мақұлдаған. Мұғалімдер оқулықты ұлттық мектеп лигасына енгізіп, мектепішілік және облысаралық жарыс ұйымдастыруды көздейді.
Әдістемелік құралды дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Ғабит Назаров және Нұрсұлтан Жүнісов бір жылда жазып шықты. Архивтегі кітаптарды ақтарып, дәстүрлі садақ атуды сүйікті ісі айналдырған белгілі азаматтармен кеңесіпті. Осылайша, нақты дәйектемелерге сүйене отырып жазылған шағын кітапша жарық көрді. Көрнекі нұсқаулық оқырманды ұлттық спорт түрімен жан-жақты таныстырады әрі садақ тартуды үйретеді.
Гүлімай Бағдәулетова, оқушы:
- Садақ ату мергендікке үйретеді. Адамның көзі көруін жақсартады. Жалпы, басқа мектептерде біздегідей садақ ату үйірмесі тіптен жоқтың қасы. Ал біздің мектепте ондай үйірме бар. Біздің ағайларымыз бірлесіп кітап жазып шықты. Біз қазір сол кітап бойынша үйреніп жатырмыз, садақ атуды.
Ауыл мектебінде дәстүрлі садақ атудан үйірме сабағы сенбі-жексенбіде өтеді. Қалған күндері спортзал босамайды. Демалыс болғасын үйірмеге келетін оқушы да аз. Қажет құралдарды мұғалімдер өз ақшасына сатып алған. «Әдістемелік құрал мектеп лигасына қосылатын күн туса, болашақ әлем чемпиондарын мектеп қабырғасында дайындауға жол ашылады», - дейді олар.
Ғабит Назаров, әдістемелік құрал авторы:
- Ұлттық спорт - осы дәстүрлі садақ ату спортымыз мектеп лигасына енсе деген ұсынысымыз бар. Оқушылар арасында кеңінен таралса, егер мұғалімдер қандай да бір облыстан, қаладан болсын үйірме ашқысы келсе, үйренгісі келсе, семинар ұйымдастырайық деген ұсыныстар түсетін болса, ешқандай бізден қарсылық жоқ. Үйретуге дайынбыз.
Маңғыстауда дәстүрлі садақ атуға баулитын мемлекеттік орталық жоқ. Кәсіпкерлер ашқан жаттығу залдарының саны саусақпен санарлық. Қала берді, садақ ұстауды үйрететін кәсіби маман тапшы. Соған қарамастан биыл Ақтауда арнайы орталық ашу жоспарда бар. Есіңізге сала кетсек, дәстүрлі садақ ату 2022 жылы елімізде ресми спорт түрі болып бекітілді. Сол жылы Жаңаөзенде тұңғыш республикалық чемпионат өтіп, 170 мерген бақ сынады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев