Теректі ауданында екі ауыл суға кетіп жатыр
Батыс Қазақстан облысында тасқынның беті қайтар емес.
Деркөлдің деңгейі қауіпті шектен асып кетуіне байланысты осы өзен сағасындағы саяжай тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар Шаған өзенінің де арнасы тола бастағанын айтады. Жағдай Теректі ауданында күрделі. Осы ауданға қарасты Подстепной ауылын үш күн бойы су басып жатыр. 1800-дей үй газсыз отыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Теректі ауданына қарасты 10 мыңдай тұрғыны бар Подстепной ауылының судың астында қалғанына бүгін үшінші күн. Әуелі шеткері көшелерді жайлаған қызыл су жолдардан асып түсіп, қазір Самара-Шымкент трассасына барып бір-ақ тірелді. Мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар, жүздеген тұрғын үй су астында қалды.
Төтенше жағдай департаменті екі күн бұрын облыста 460 үйді су алды деген. Бірақ кеше ол цифр 384-ке түсіп қалды. Бүгін де өзгермеген. Подстепной су басқан ауылдар тізімінде жоқ болып шықты.
Руслан Қасыбаев, ТЖД бастығының м.а.:
- Зардап шеккен үйдің саны комиссия тағайындалады. Сол комиссия әлі анықтау жұмыстарын жүргізеді. Ол үйдің саны өсуі де, кемуі де мүмкін. Подстепное ол болған оқиға түнде ғана. Соның өзінде әлі комиссия аралап өтпеді. Үйді басты ма, зардап шекті ме ол белгісіз. Бірақ Подстепное көшелері есік алды аумағында су тұр. Үйлерді басқаны туралы мәлімет жоқ.
Ал тұрғындар эвакуациялық пунктте екі күннен бері тұрып жатқандарын айтады. Су келгенде асығыс қашып шыққандар керек дүниелерін де ала алмаған.
Ақсәуле Хайрекешева, Подстепной ауылының тұрғыны:
- Баланың киімдерін шығарып алу керек. Біз қазір жатақханада тұрып жатырмыз. Біздің үйдің арты, екі жаны құлап қалған. Ішінде заттарымыз бар.
Қазір Подстепной көшелерінде қарбалас. Ресми мәлімет бойынша 90-ға жуық адам, 20 техника апаттың алдын алып жатыр. Осындай жұмыс кезінде арық қазып жатқан тракторлардың бірі газ құбырын зақымдаған. Соның кесірінен кешелі бері 1800 үй көгілдір отынсыз қалды.
Алексей Коврижкин, Теректі газ шаруашылығы мекемесінің директоры:
- Диаметрі 160 мм құбырдың жарылуына байланысты кеше бүкіл ауыл, яғни 2639 абонент газсыз қалды. Айналма құбыр тартып, 800 үйді қостық бүгін газға. Қалған 1800 үйге көгілдір отын беру әзірге қиын боп тұр. Су келіп жатыр, көтеріліп жатыр.
Қазір Орал қаласы мен 4 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мамандар өзендерде су деңгейінің көтерілуіне байланысты облыс бойынша да төтенше жағдай жариялануы мүмкін екенін айтады.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев