Су тасқыны кезінде 6 мыңнан астам бала құтқарылды

Су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде тиісті ведомстволар бірлесіп жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның 20-дан астам тікұшағы жұмылдырылды. Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Абай облыстарында құтқару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Әуе арқылы 30 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданды. Қауіпті аймақтарды анықтау үшін авиаторлар 27 аэровизуалды ұшу жұмыстарын жүзеге асырды. Апаттық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан аса адам, 3 мыңға жуық техника тартылды.

Динара Нұрғалиева, ҚР ТЖМ ресми өкілі:

- Су тасқыны кезеңінде барлығы 16 мыңнан астам адам, оның ішінде 6 мыңнан астам бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 3 881 адам, оның ішінде 1655 бала бар. Қажетті жағдайлар жасалған.