Жайық өзені көтеріліп келеді. LIVE
Ал Батыс Қазақстан облысында тасқын қаупі әлі сейілген жоқ.
Шағын өзендер арнасына түскенімен, өңірдің бас дариясы Жайық көтеріліп келеді. Биыл өзен деңгейі қауіпті меже саналатын 850 сантиметрден де асып түседі деген болжам бар. Қазір саяжайлардан тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру басталды.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Көріп тұрғандарыңыздай қазір Жайықтың жағалауындағы демалыс аймағы, бірнеше кафе толықтай суға кетті. Орал қаласы тұсында Жайық деңгейі бүгін түс ауа 696 сантиметрге жетті. Соңғы тәулікте өзен 11 сантиметрге көтерілді. Қауіпті деңгей 850 сантиметр саналады. 750 сантиметрде су саяжайларды басады. Жалпы Жайықтың жайылмасында 55 бау-бақша серіктестігі бар, ол жерде 10 мыңдай адам тұрақты мекендейді. Қала басшылығы тұрғындардың қауіпсіз жерге көшуін, эвакопункттерге баруын сұрап отыр. Алдағы сейсенбіден бастап саяжайларда Азаматтық қорғаныс заңына сәйкес жарық пен көгілдір отын ажыратылмақ. Орынбор облысында орналасқан Ирикла су қоймасынан жіберіліп жатқан су мөлшері бүгін азайды. Секундына 2170 текше метрден 1680 текше метрге түсті. Бірақ оның өзі де аз емес. Су қоймасы салынған 60 жылда су мөлшері секундына 1300 текше метрден аспаған екен. Оның өзі 1994 жылы болыпты. Одан беріде Сақмар, Ор, Елек өзендері Жайыққа құятынын ескерсек, мамандар биыл бұрын-соңды болмаған мол су келетінін, дария деңгейі қауіпті межеден әлдеқайда асып түсетінін ашық айтып отыр.
Рауан Құсайынов, "Қазсушар" РМК БҚО филиалының директоры:
- Қазір Ирикла су қоймасынан келетін судың мерзімі 20-25 күнді құрайды. Сәуір айының 15-20 аралығына сол судың келгенін күтеміз. Қазір суды төменге тастауы азайғанына қарамастан мол су келеді ол су Орынбор облысын өтіп келеді, Бөрлі ауданынан өтіп Орал қаласына келгенше Жайық өзеніне құятын өзендер бар. Судың деңгейі түссе де әлі қауіп бар. Соған байланысты барлық жағдайға дайын болуымыз керек.
Жайық өзені бойында Бөрлі, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық аудандарында 24 елді мекен бар. Облыс басшылығының айтуынша қазір олардың барлығы да мол суды шығынсыз өткізуге қамданып жатыр. Ал Орал қаласында Курени, Стелла, Коминтерн, Желаев аудандарын су басуы ықтимал. Қазір 20 құрылыс компаниясының 200-дей техникасы күні-түні демей, осы жердегі бөгеттерді биіктетуге кірісті. Сонымен қатар Жайық көтерілгесін Шаған өзені де кері лықсып қалаға қатер төндіруі мүмкін көрінеді. Астана, мендегі ақпарат әзірге осы. Сөз кезегі өздеріңізде.