Ақтөбедегі 2 су қоймасының толып кету қаупі сейілді
Бүгін вице-премьер Серік Жұманғарин облыстағы Елек, Қарғалы және Сазды өзендерін жалғайтын үш су қоймасын әуеден бақылады.
Қазір Ақтөбе және Сазды қоймаларында су ағызудың оңтайлы транзиттік режимін енгізу арқасында толып кету қаупі сейілді. Ал Қарғалыға келіп жатқан судың көлемі әлі жоғары күйінде қалып отыр. Сәуірдің 6-нан 7-не қараған түні Қарғалы жағалауына жақын орналасқан және су басу қаупі төнген қала шетіндегі үйлердің тұрғындарын жаппай шұғыл эвакуациялау жүргізілді. Қазір 127 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал жалпы аймақта барлығы 15 мың адамға арналған 86 уақытша қабылдау пункті дайындалған. 10 мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам бала эвакуацияланды. Тағы 10 мың 663 жануар қауіпсіз аймаққа көшірілді. Қазір су тасқыны салдарынан Ақтөбе облысында 1053 тұрғын үй, 46 ғимарат пен құрылыс, 232 аула мен 689 саяжай үйі су астында қалды. 17 елді мекенмен жол қатынасы бұзылды.