Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі
«Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі». Осы сенбіде елордада тазалық айлығы басталады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылатын сенбіліктер мамырдың 11-не дейін жалғасады. Осы ретте бас шаһардың әкімдігі тұрғындарды іс-шарадан шет қалмай, қала тазалығына атсалысуға шақырады.
Тазалық айлығы кезінде қала көшелері, арық пен кәріз желілері тазартылады. Сонымен бірге, қоғамдық демалыс орындары мен жол жиектерін ретке келтіру көзделіп отыр. Бас шаһардың көркін ашатын жасыл желек отырғызылып, әр ауданда көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Гүлзарлар ретке келтіріледі. Осы ретте Астана әкімдігі қалалықтарды сенбілікке шығуға шақырады.
Иван Влох, «Құтты мекен» мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Қар ерісімен біз ауланы тазалауға шығамыз. Қазір міне таза екені көрініп тұр. Негізі әкімдіктің кестесіне сәйкес, үнемі сыпырып, тазалап қоямыз. Күн жылынып, бәрі кепкен соң, сырлап, әктейміз. Қыстан кейін бәрін қалпына келтіреміз. Тұрғындарымыз белсенді, қай іске болмасын жұмыла кірісіп кетеді.
«Республикалық тазалық акциясынан жастар да шет қалмайды. Бұл көңіл қуантады», - дейді Астана әкімдігінің өкілі.
Бағдат Атымтай, Астана қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлім басшысы:
- Аталған акцияға қаламыздың барлық тұрғындары қатысып, өз үлестерін қосуға мүмкіндіктері бар. Осы акцияға белсенді жастар да қатысатын болады. Жастар елордамыздағы саябақтарды, мәдени орталықтардың территорияларын және мәдени ескерткіштердің аумақтарын тазалайтын болады.
Көгалдандыру - көптің ісі. Сондықтан экологиялық айлық кезінде елордада 270 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мадияр Қындыбаев