Алматыдан Атырауға тағы 25 тоннаға жуық жүк жөнелтілді

Оның жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жариялаған «Жүректен жүрекке» акциясына алматылықтар да осылай үн қосып жатыр. Гуманитарлық көмекті жинауға этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары атсалысты. Осы істің басы-қасында жүргендердің айтуынша, тасқын судан зардап шеккен өңірлерге көмектескісі келетіндердің қарасы қалың. Әзірге бір ауыр жүк көлігі жіберілді. Оның ішінде азық-түліктен бастап тұрмысқа қажетті заттар бар. Бұдан былай да қолдағы барды бөлісуге дайын. Ендігі мақсат – төтенше жағдайдың зардабымен күресу үшін күш біріктіру. 

Георгий Иорданиди, ҚХА кеңесінің мүшесі:

- Тасқын су талай отбасын далада қалдырды. Міне, Ассамблея атынан көмек жіберіп жатырмыз. Қарапайым тұрғындар қандай көмек қажет, қалай қол ұшын береміз деп бізге хабарласып жатыр. Міне, осындай ынтымақ-бірліктің арқасында бұл қиындықты да еңсеріп шығамыз деп сенемін.