Сергеев су қоймасының деңгейі түсе бастады
Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасының деңгейі түсе бастады.
Бүгін таңертең бөгет үстімен сарқырап жатқан ағынның биіктігі 4 метрден төмендеді. Енді қатты екпін алған Есіл өзені қалаға қарай жақындап келеді. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Петропавл маңындағы қауіпті аумақтарды аралап, алдын алу шараларымен танысты.
Бүгін түнде Петропавлда Есіл өзені тағы 2 метрге көтерілді. Бұл қала шетіндегі Зарченый кентіне қауіп төндіріп тұр. Ал елді мекенде мыңға жуық адам тұрады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазір Заречный кентінің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Ал ауыр хәлдегі науқастар адамдарды жедел жәрдем қызметі алып кетеді.
Қазір дені көшірілді. Бірақ 50-ге жуық адам көнбей отыр. Ескертуге қарамастан үйде жатқан тұрғындарға Мәжіліс депутаттары барып, тасқынның бар қаупін түсіндірді.
Қазір қалада Есіл өзенінен қорғайтын бөгет нығайтылды. Мәжіліс депутаттары су басуы мүмкін көшелерді көріп, тасқынға қарсы қабылданған іс-шаралармен танысты. Олардың айтуынша, шығын көлемін өтейтін комиссия құрамына зардап шеккен тұрғындарды да кіргізу керек.
Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Комиссия жасалды. Онда мәслихат депутаттары енгізіліп, халықтан да өкілдерін енгізіп, былтыр міне білесіздер қоғамдық бақылау заңыын қабылдағанбыз біз. Соның арқасында халықтың өкілдерін енгізуге болады.
Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның алдын алу шараларына 3 мың адам жұмылдырылған. Олардың арасында қарапайым халық та бар. Ортақ іске өз еркімен қосылып жатқандар өте көп.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов