Қызылорда облысындағы этномәдени бірлестіктер жылу жинады

«Күшіміз бірлікте» акциясына Қызылорда облысындағы бірқатар этномәдени бірлестіктер үлес қосып жатыр.

Мысалы Корей орталығы су басқан аймақтарға үш тоннаға жуық гуманитарлық көмек беретін болды. Қазір жиналған жүкті еріктілер буып-түюге кірісті. Олар резеңке етік, күрек, қап, азық-түлік, гигиеналық затар мен дәрі-дәрмек қорын дайындаған. Сонымен қатар бір тонна күріш беріледі. Бұған дейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан да жылу жиналды. Көмектің алғашқы легінде төсек жабдықтары мен тұрмыстық химиялық заттар, азық-түлік қоры Ақтөбе облысына жеткізілді.

Денис Пак, облыстық корей орталығының жетекшісі:

- Мұндай қауіп-қатерден ешкім сақтандырылмаған. Апат айтып келмейді. Сындарлы сәтте сыр бермеу үшін бірлік пен ынтымақ керек. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Бұл қиындықтан да өтеміз. Кезінде біздің ата-бабамызды қазақ елі бауырына басты. Бұл жақсылықты біз ешқашан ұмытпаймыз, құрметтейміз, қәдірлейміз.