Атырау облысына 8 күнде 500 тоннадан аса гуманитарлық көмек келді
Еліміздің әр түкпірінен қайырымдылық керуені ағылып келіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматыдан жіберген 25 тонна азық-түлік бүгін келіп жетті. Қалада қайырымдылық көмекті үйлестіретін волонтерлік штаб бар. Шымкент пен Тараз, және қырғыз елінен келген жүкті қабылдап алды. Заттар Құлсары қаласы мен оның айналасындағы ауылдарға, эвакуациялық бекеттерге жөнелтіліп жатыр. Баспанасы суда қалғандар көмектің барлық түріне зәру, – дейді штаб мүшелері. 250 ерікті үйлестіру, тарату жұмыстарымен айналысып жатыр. Соңғы 2 күнде Құлсары қаласына 106 тонна азық-түлік жіберілді.
Әйгерім Жәрдемқызы, облыстық волонтерлік штабтың жетекшісі:
- Жылыой ауданынан тапсырыс қабылдаймыз. Осындай заттар қажет деген сол бойынша барлық қажетті заттар жинақталып жүк вагондары арқылы Жылыойға жіберіп жатырмыз. Онан бөлек, тікұшақпен 10-15 мәрте зат жібердік. Оның барлығы Жылыой ауданына, Теңіз қалашығына, Шоқпартоғай ауылына гуманитарлық көмектер жөнелтіліп жатыр.