Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер

 Су тасығалы бері құтқарушылар кірпік қақпай жүр.

Күні-түні тасқынмен арпалысады. Елордалық құтқарушылар да апатты аймақтарға алдымен жеткен. Олар қазір Астана маңы ғана емес өзге де бірқатар өңірде халыққа көмектесіп, одан қалды бөгет тұрғызу ісіне жұмылған.

Елордалық құтқарушылар Жайықты жағалай қоныстанған жұртқа жәрдемдесу үшін Орал қаласына жетті. Табиғат тосын мінез танытса да тосырқымайтын қызметкерлердің бір бөлігі еліміздің солтүстігінде де сап түзеді. Қазір бас аяғы су басқан аймақтарға астаналық 125 маман, 29 бірлік техника көмекке жіберілді. Сондай-ақ, 13 мотопомпа, 3 өрт сорғы стансасы, 2 жүзу құралы тартылды.

Елдар Қанафиянов, Астана қаласы ТЖД бөлімше командирі:

- Астана горнизонынан шыққан 83 жеке құрам және 11 бірлік техникасы Қостанай қаласындағы құтқару жұмыстарын толыққанды бітіргеннен кейін қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына да келіп жетті. Астана горнизонының жеке құрама қазіргі таңда целыйцентр аумағында жеке тұрғын үйлерде құтқару жұмыстарын жүргізуде.

Ринат Смағұлов, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқарма бастығының орынбасары:

- Еліміздің су тасқыны тіркелген аумақтарда солтүстік және Батыс Қазақстан облысында елордалық құтқарушылар су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, атап айтқанда тұрғындарды және олардың мүліктерін жан-жануарларды эвакуациялау және инертті материалдарды толтырылған қапшықтарды төсеу жұмыстарына жұмылдырылған. Осылайша бізде СҚО 35 адам, 13 бірлік техника және БҚО 83 адам жеке құраммен және 11 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Бүгінгі күннің батырлары өзгенің өмірі үшін басын байгеге тіксе де, еңбегін ерлікке баламайды. Керісінше, «бұл біздің қызметтік міндетіміз әрі азаматтық борышымыз» - дейді.

Ринат Смағұлов, Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқарма бастығының орынбасары:

- Қандай төтенше жағдай болмасын біздің басты мақсатымыз жедел әрекет ету. Жәрдем сұраған халыққа қол ұшын созу. Өзге өңірдегі әріптестерімізбен тізе біріктіріп тасқынға тосқауыл жасау жұмыстарын жүргізудеміз. Күшіміз бірлікте! Апат айтып келмейді, тас түскен жеріне ауыр. Су басқан аймақтарға тұтас ел болып көмектесуіміз керек.

Бүгінгі күнге дейін бас қалалық құтқарушылар 2 мыңнан астам адамды қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Сондай-ақ,  3 мың құм толтырылған қапшықтан бөгет жасады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ғалымжан Абдылахат