СҚО-дағы судың ортасында қалған тұрғындарды жүк кемесі тасымалдайтын болады
Солтүстік Қазақстан облысында судың ортасында қалған ауылға баржа алынады.
Жүк кемесі тұрғындарды Есіл тартылғанша тасымалдап, керек-жарақпен қамтамасыз ететін болады. Қазір «аралға» айналған Прибрежное елді мекенінде 500-ге жуық адам тұрып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында екі жарым мыңға жуық үйді су басты. Табиғи апаттан әсіресе Петропавл мен қала маңындағы елді мекендер зардап шекті. Бұл жолы Есіл өзені қатты тасып, бұған дейін жетпеген жерлерге дейін жайылды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ернеуінен шыққан Есіл өзені қала маңында бірнеше шақырымға жайылған. Қазір жүздеген үй су астында тұр. Ал өзеннің ұшы - қиыры көрінбейді.
Көктемгі тасқыннан Петропавлдан 10 шақырым жердегі Прибрежное ауылы «аралға» айналды. Топан су әрбір екінші үйді басып қалған. Қатты ағын бөгетті бұзып, электр бағаналарын жайпап өткен.
Нартай Молдахметов, Прибрежное ауылының тұрғыны:
- 1-2 сағаттың ішінде шеткі көшелерді басып кетті. Ол кезде біз участковый екеуміз екі кісіні құтқарып үлгердік. Үйді екі рет қайықпен айналып шықтым. Үйге кірдім. Орта белден су. Ішінде қалған нәрсе қалды енді.
Қазір көлік қатынасы үзілген ауылда 450 адам тұрып жатыр. Қалғандары қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккен тұрғындармен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Ғауез Нұрмұхамбетов, облыс әкімі:
- Бүгін – ертең Қорғаныс министрлігінен екі катері бар баржа келеді. Жүк кемесімен тұрғындар сұраған заттарды тасымалдаймыз. Қазір электр бағаналары суда тұр. Бірақ ауылда дизельді генераторлар бар. Интернет қалпына келтіріледі.
Қазір зардап шеккен тұрғындар мемлекеттен бірреттік төлем ала бастады. Ал шығын көлемін арнайы комиссия анықтайды. Енді көктемгі тасқынның екінші толқыны келе жатыр. Синоптиктердің болжамы бойынша, ол сәуірдің 27-сіне дейін өтуі тиіс.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков