Құлсары халқы үйлеріне оралып жатыр

Кеше су төңіректеп, еріксіз үй-жайын тастап шыққан жылойлықтар шаңырағына орала бастады.

Ықшам аудандардағы су сорылып, газ бен жарық берілген.

Ертең бағалау комиссиясы жұмысқа кірісіп, тұрғындардың өтінішін қабылдай бастайды.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Біз қазір «Достық» ықшам ауданындамыз. Мұндағы үйдің бәрі дерлік суға кеткен. Тасқын су келген уақытта мына қарайып тұрған жерге дейін, шамамен 60-70 сантиметрге дейін көтерілген. Қазір жер кеуіп қалды. Тұрғындар үйлеріне келіп, баспаналарын қарап жүр.

Достық ықшам ауданының тұрғыны Сансызбай Уәлиев жақында қоныс тойын тойлағалы жүр еді. Тосыннан келген тасқын су баспанасын басқан. Жер кепкеннен кейін бүгін үйіне оралды. Тұрмыстық техникалары мен жаңа жиһаздары суға кеткен. Енді бағалау комиссиясынан үміті көп.

Сансызбай Уәлиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Баспанамды енді жақында бәрін бітіріп қойып едім. Кірем бе деп отыр едім ғой. Кіріп те алмадық дұрыс. Енді оценщиктер келіп жатыр, дейді. Келсе солар енді дұрыс шешімін шығарса, халыққа ыңғайлы қылып.

«2-ауыл» да суға кеткен ықшам ауданның бірі. Қазір мұндағы су сорылып, көгілдір отын мен жарық біртіндеп беріліп жатыр. Эвакуацияланған тұрғындар да үйіне қайтып оралуда.

БЛИЦ

- Су келгенде опорныйға бардық. 3 ағайын, құда-жекжаттың үйінде болып, содан кейін Тенгизге бардық. Кеше газ жүргесін келіп жатырмыз ауылға.

- Денсаулығыма байланысты өзім мектепке, общжитияға бара алмадым. СМП-да өзімнің ағайыныма барып, паналап, қазір келіп жатырмын газ жанғасын.

Келген шығынды бағалайтын комиссия құрылды. Енді ертең тұрғындардың өтінішін қабылдауды бастайды. Комиссия құрамына жергілікті белсенділер де кірді.

Нұрболат Сарманов, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда мекенжайды анықтап жатырмыз. 12 маманды отырғызамыз ба деп отырмыз. Әр секцияға бөліп, 12 ауылға бөліп отырмыз. Сол бойынша комиссияға тартылды ол жердің де белсенділері бар, депутаттары бар және өзіміздің комиссияға қатысты 13 өкіл қамтылады. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық бланка дайындап қойдық. Келіп тек жаза қоятын қылып. Ешқандай сенделіп жүрмейді. Сонымен қатар онлайн да қарастырып жатырмыз. Мүмкіндік болса онлайн түрінде де қабылдау жөнінде.

Құлсары қаласында 3 мыңға жуық тұрғын үй суға кеткен. 70-тен аса кәсіпкерлік нысанды да су басты. Қазір қаланы судан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Арман Ақшабаев