Ұлытау облысында «Киелі мекен» апталығы жүріп жатыр
«Киелі мекен» апталығы аясында Жошы хан, Теректі әулие кешендерінің айналасы тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ерекше қорғауға алынған өзге де тарихи орындарда тазалық акциясы ұйымдастырылды. Ұлытау облысының Малшыбай ауылы тұрғындары Алашахан кесенесі аумағын күл-қоқыстан тазартып шықты. Кесенеге барар жолдың жан-жағын абаттандырды. Қазақстанның орталығындағы ерекше архитектуралық ескерткіш мемлекеттің қорғауында. Оғыз-Қыпшақ заманындағы сәулет өнерімен салынған кесенеге келетін туристер қатары жыл санап артып жатыр.
Ерғазы Аянбаев, Малшыбай ауылының әкімі:
- Жошы хан мазарына «визит-центр» салынғаннан бері жылына 4-5 мыңдай қонақ келеді. Жошыханға соққан адам Алашахан мазарына міндетті түрде келеді. Сол себепті ауыл тұрғындары осы жерде аптасына 2 рет тазалық жұмыстарын ұйымдастырады. Бүгінгі тазалау жұмыстары барысында жолдың бойы және мазар маңайынан 20 қаптай қоқыс шығарылды.