Ақтөбеде жолға қатысты шағым азаймай тұр
Қар кеткен соң көріне бастаған шұрық-тесіктің көптігін көлік жүргізушілері ғана емес, полиция қызметкерлері де мойындап отыр.
Ал жыл басынан бері көше жолдары 942 мәрте тексеріліп, кеткен кемшілікті жою жөнінде 800-ден нұсқама берілген. Талапты орындамаған заңды және лауазымды тұлғаға әкімшілік жазаға тартылды. Олардың арасында түрлі деңгейдегі әкімдер де бар.
Нариманов көшесіндегі жолдың қазіргі жағдайы – осы. Шұрық-тесігінің көптігінен көліктер еркін жүре алмайды. Себебі қыстан кейін көрінген ойықтың бірінен қашса, екіншісіне тап болады. Сондықтан жүргізушілер көрші бағытпен айналып өтуді әдетке айналдырған. Нәтижесінде ол жақта да көлік кептелісі жиі болады.
Мұндай көріністі қазір қаланың бірқатар аумағынан көруге болады. Тіпті орталық бөлігіндегі жолдарда да көлік үшін қауіпті саналатын жерлерде ескі дөңгелек немесе шелек тұр. Ал облыс орталығында бірқатар бағыттар бойынша жол сапасының нашарлығын полиция қызметкерлері де айтып отыр. Олар тек жыл басынан бері мыңға жуық тексеру жүргізген.
Еркін Өтеген, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
- 884 нұсқама берілді осы кемшіліктерді жоюға. Осымен бірге 134 лауазымды тұлға әкімшілік шараға тартылды. Оның ішінде 5 әкім бар. Сонымен қатар біздің берген нұсқамамызды орындамағаны үшін 3 лауазымыды тұлғаға қазіргі уақытта іс жасақталып, әкімшілік сотқа жіберілді.
Ал жауапты мекеме өкілдері бұл олқылықтардың барлығы жуық арада жойылатынын айтады. Бірақ тақтайдай тегіс жолдың қашан пайда болатыны әзір белгісіз. Себебі жер әлі кеппегендіктен, ауқымды іске кірісетін уақыт анықталмаған. Сондықтан әзірге шұрық-тесікті жамау жұмысы күні-түні жүріп жатыр.
Болат Серіков, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- «Ямочный ремонт» дейміз, сол бойынша мердігер мекеме 5 топпен қала бойынша жұмыс атқарып жатыр. Енді ол жерде бізде бүкіл жерге бір уақытта түсіп кете алмаймыз. Себебі ауырынан кішісіне көшпелі болып, бірінші өздеріміз категорияға бөліп-бөліп, сондай жұмыстар атқарып жатырмыз қазір біздер. Жалпы ауданы, орташа айтатын болсақ, біздерде шұрық-тесіктің ауданы 7 мың мен 8 мың шаршы метр құрап отыр.
Жалпы биыл жолға қатысты өткен жылдан қалған 25 жобаны жалғастыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, 18 орташа және 8 күрделі жөндеу жұмысы жүрмек. Оның ішінде көпшіліктің сынына ұшыраған Елек өзенінің үстінен өтетін көпір жолын қалыпқа келтіру де бар. Бұл жұмысты 1 мамырға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.