Ұлытау облысындағы Қараағаш орманшылығында ағаш егу науқаны басталды

Орманшылар мамыр айының ортасына дейін 1 млн 700 мың түп қарағай егеді.

Көшеттер солтүстік облыстардағы арнайы тұқымбақтан сатып алынған. «Облыс климатына бейімделген әрі төзімді келеді» дейді мамандар. 22 мың гектар аумақты алып жатқан шаруашылықтың 6 мың гектары орманмен көмкерілген. Болашақта көлемі одан әрі ұлғайтылады. 2025 жылға дейін Жаңаарқа даласына 18 млннан астам ағаш көшеттері егілетін болады. Оларды күтіп-баптап ұстауға қарамағында 50-ден астам жұмысшысы бар арнайы коммуналдық мекеме жауапты болмақ. 

Жайлау Балташов, Қараағаш ауылының тұрғыны:

- Ертеде бұл жерде қарағай деген өспеген. Кейінгі кезде өсірді. Бастапқыда терек, клен, қараағаш егетін. Жаңағы қарағайымыз бертінде Көкшетаудан, Павлодардан әкеліп тұқымды соны екті тәжірибе жасап. Ол өсетіндей болды осы жерге. Содан қазір қарағай қаулап кетті. 

Қуат Имантүсіпов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Биылғы жылға ағаш көшеттерін егуге 12 трактор, 5 ағаш егу агрегаты, 5 копатель дейміз 4 тіркемесімен қоса келді. Техниканың барлығы орман шаруашылығының балансына орналасты. Бүгінгі күні алғашқы ағаш отырғызуды бастап кетті.