Ақтөбе облысында тасқынның зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында су тасқынынан 130-дан астам отбасы зардап шеккен.
Бұл бүгінгі күнге дейін анықталған мәлімет. Себебі, комиссия мен техникалық қадағалау ұйымдарының өкілдері әлі жұмыс атқарып жатыр. Ал қарғын судан үйлері бұзылған тұрғындарға таяу күндері жаңа үйлер салына бастайды. Бұл үшін инженерлік желі тартылған аумақтардан жер телімдері анықталды.
Қарғын судың кесірінен Базаркүл Нұржанованың үйі шөгіп қалған. Әсіресе, қонақ, ас және жуыну бөлмелерінде сызат пайда болыпты. Баспана иесі бұны саман кірпіштен тұрғызылған қабырғаларының су тигенде еріп кетуімен байланыстырады. Бұдан өзге, ауласындағы шағын сарайы мен қора-қопсысын да су алып, 12 бас қой-ешкісінен айырылған.
Базаркүл Нұржанова, Т.Жүргенов ауылының тұрғыны:
- Су келген кезде мына белуардан келді бізге. Өмірі мұндай болған емес. Комиссия келді, қарады. Малдарды сырғасымен қарап бәрін, нөмерлеп бәрін ақшасын төледі. 300 мың теңге бірінші көмек оны да алдық. Үйді енді қарап, сносқа жаратты.
Гүлзада Өтемұратованың да үйі кенеттен келген апаттан аман қалмады. Қазір мұнда тұру мүмкін емес. Дегенмен, қызы екеуі әзірге амалдап, ылғал тартқан баспанасының ішін кептіріп әлек.
Гүлзада Өтемұратова, Т.Жүргенов ауылының тұрғыны:
- Мына үйде жить невозможно. бәрі деген иіс и стеналары шіріп жатыр. Пол шіріп жатыр сосын государство үй салып береміз деді. Соған өте қуаныштымыз.
Бұл Әйтеке би ауданының орталығы 1980 жылдардан бері су тасқынына ұшырамаған. Ал бұл жолы даладан келген қар суынан өзге, іргедегі бөгеттің бұзылуынан ауылдың бірнеше көшесіндегі үйлер мен қора-қопсыға шығын келді. Қазір бөгеттің бұзылуына қатысты құқыққорғау органдары іс қозғап, тергеу амалдарын қолға алған.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Осы бөгеттің бқзылуы Әйтеке би ауданындағы жағдайды күрделендіре түсті. Себебі, мұнда жиналған мол су жан-жаққа жайылып кеткен. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нәтижесінде Ырғыз өзені арнасынан асып, көрші жатқан Талдысай және Т.Жүргенов атындағы ауылдарға су кірген.
Жалпы, аудан бойынша бірқатар ауылда тұратын 130-дан астам отбасы тасқыннан зардап шеккен. Бүгінге дейін комиссияның шығарған қортындысы бойынша әзірге 41 адамға бүлінгені мүлкі мен күрделі жөндеу жүргізу үшін өтемақы берілді. Одан бөлек, 100-ден астам тұрғын біржолғы төлем алған. Ал тасқыннан жарамсыз күйге түскен үйлердің орнына жаңасы салынады.
Дәулетияр Тоғызбаев, Әйтеке би ауданының әкімі:
- 47 үйге жаңадан үй құрылысы қажет. Ол негізінен осы саман, щитовой дейміз, сондай үйлер. Және де әлі бүтін тұрған үйлер бар, бірақ енді 1 метр, бір жарым метр су кіргеннен кейін өзіңіз білесіз ол уақыттың мәселесі ғой. Ол жерге тұруға келмейді, Сондықтан, сондай шешім шығарды. 46 үйдің 20-сы жаңадан үй құрылысын таңдады. қалған тұрғындардың барлығы дайын үй сатып алу нұсқасында қазір.
Қазір ауданға жергілікті билікпен келіссөз жүргізу үшін үй тұрғызатын құрылыс компанияларының өкілдері келіп жүр. Бекітілген жоба бойынша 80 және 100 шаршы метрлік баспаналар салынады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев