Мал шығыны қалай өтеліп жатыр?
Қарғын судан отар-отар қой, бірнеше үйір жылқы, сондай ақ ірі қара шығынға ұшырады.
Бір ғана Қостанай облысының өзінен 981 бас мал өлгені анықталған. Малымен қоса салы суған кеткен ағайынның шығыны қалай өтеліп жатыр.
Қостанай облысында табиғи апаттан шығын болған малға өтемақы төлене бастады. Оны алғашқылардың бірі болып, Арқалық қаласына қарасты Қызылжұлдыз ауылының тұрғындары алды. Бұл елді мекеннен үш өтініш түскен. Сол бойынша 11 бас ірі қара мен 203 ұсақ малға 13 млн теңгеден астам қаржы төленді.
Советхан Әлиев, Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны:
- Он сегіз бас малым жоқ, Соның онының өлексесін тауып, сол жаңағы өткенде келген комиссиясы онына өтемақы төледі. Тағы бір сегіз бас малымның ізі жоқ. Енді шамасы ағып кеткен ау деймін. Сол сегіз басыма малыма заявление қабылдап алды, үш куәмен жаңағы сегіз бас малға тағы өтемақы төленеді деп жатыр.
Республикалық штабтың хаттамасымен өлген жануарлардың құнын өтеу алгоритмі бекітілген. Өтемақы алу үшін өтініш берушілер залалды актілеу мақсатында жергілікті Комиссияға жүгіне алады. Бұл ретте облыста 780 бас малдың бағалау есептері дайындалып, оларға 113,2 млн теңгеден астам қаражат төленген.
Бауыржан Бекет, облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Оның ішінде Амангелді ауданы – 246 бас малға 46,4 млн теңгеге, Жанкелдин ауданы – 35 бас малға 10 млн теңгеге, Арқалық қаласы - 499 бас малға 56,9 млн теңге төленді.
Жауапты мамандар салы суға кеткен ағайынның жүгін жеңілдетуге әзір. Егер мал «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» базасында тіркелген болса, мал өлексесінің сондай-ақ құлағындағы сырғаның бар-жоғына қарамастан, өтемақы төленеді. Ал өлексенің қайда екені белгісіз және базада тіркелмеген болса өтемақы басқа қаржы көздерінен беріледі. Бүгінгі күні елде су тасқыны салдарынан 8 мыңнан астам мал басы өлгені расталды. Жалпы өлген малдың 70 пайызға жуығы ұсақ мал.
Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді, Батыс Қазақстан облысында өтемақыға 187,4 млн. теңге бөлінді, өтінімдерді қабылдау рәсімі жүргізілуде, төлем апта соңында басталады. Атырау және Ақмола облыстарында өтемақы алуға өтінімдер қабылдануда.
Өтінім беріп өтемақасын алған ағайынды енді өлексенің қай тұстан қалқып шығары алаңдатып отыр. Ағын судан арам қатқан мал ауру таратпай ма деген уайымы бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі су басқан аумақтардағы мал қорымдары жіті бақылауда дейді.
Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Министрліктің республикалық эпизоотияға қарсы отряды облыс әкімдіктерімен бірлесіп, өлген жануарларды жинау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті су басқан аумақтардағы мал қорымдарына қосымша профилактикалық дезинфекциялық өңдеу іс-шараларын жүргізуде.
КТМ: айтты. Жыл басында жаппай екпе жүргізіліп, жұқпалы аурулардың алдын алғандықтан өлекседен келетін қауіп жоқ дейді.
Авторлары: Әлішер Әли, Мағауия Қалиев