БҚО-да Тасоба ауылы жолсыз қалды
Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені тасып, арнасынан асып, жолдарды жырып кетіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бірер күн бұрын Барбастау-Индер жолының 115-ші шақырымын су шайып кетсе, кеше Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тасоба ауылы көлік қатынасынсыз қалды. Тұрғындар қайықпен жүзіп өтіп жатыр. Әзірше жолды қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ, – дейді мамандар. Орал қаласы мен жоғары жақтағы аудандарда тасқын қаупі сейілгенімен, Ақжайық ауданында мол су енді өтіп жатыр. Тайпақ ауданы тұсында соңғы 3 тәулікте дария деңгейі 80 сантиметрге көтеріліп, 638 сантиметрге жеткен. Ауданда 45 елді мекен болса, соның 32-сі өзен бойында орналасқан. Сәуірдің басынан бері осы ауылдардың айналасына 34 шақырымдай дамба соғылыпты.
Нұржан Төлеуіш, БҚО Төтенше жағдай департаментінің ресми өкілі:
- Қазір Теректі ауданы Ақсоғым ауылы мен Ақжайық ауданы Тасоба ауылына жол-көлік қатынасы тоқтап қалды. Теректі ауданы бойынша тұрғындарды «переправа» жүргізілді, ал Тасоба ауылына техникалар жіберілген болатын. Қазір елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Адамдар өміріне де.