«Dala-skills» чемпионаты келер жылы Ақтауда өтеді

Бұл қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптейтін бірегей жоба.

Байқауға 100-ден аса студент қатысады. Колледжде оқитын балалар құрақ көрпе тігу, киізден түрлі бұйым әзірлеу,  ұлттық тағам жасау сынды құзыреттіліктер бойынша сынға түседі. Бұл туралы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Онлайн форматта өткен жиынға арнаулы орта оқу орындарының ұстаздары қатысып, өз ойын ортаға салды. Айта кетсек, 2025 жылы Ақтауға «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесі беріледі. Каспийдің жағасындағы шаһарда Түрксой ұйымына мүше мемлекеттердің қатысуымен ауқымды шаралар өтеді деп жоспарланған.

Жәния Сармұрзина, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- «WorldSkills» құрамдас бөлігі ретінде бірнеше чемпионаттар біздің Маңғыстау облысынан бастау алды. Негізгі чемпионаттарымыздың бірі – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы  «Dalaskills». Өткен жылы фестиваль ретінде өткіздік. Оған 6 облыстан бізге келген  қатысушыларымыз қатысты. Ал келесі жылдан бастап осы «Dalaskills» чемпионатын республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз.