Тасқыннан соң. Алғашқы көмек беріле бастады
Атырауда тасқыннан зардап шеккен Қызылқоға ауданының тұрғындарына алғашқы жәрдем көрсетіле бастады.
Ойыл өзенінің тасуы салдарынан аудан бойынша 5 тұрғын үй мен 7 қыстақ жарамсыз болып қалған еді. Қазір өзен ағысы қалыпқа түсті. Мемлекеттік комисия шығын көлемін есептеуге кірісті.
Сондай-ақ ауыл халқы әзірге ағайындарын паналаса, қырдағы малшыларға уақытша киіз үйлер берілді. Енді тұрғындар мемлекет көмегін күтуде.
Қызылқоға ауданы бойынша биылғы тасқыннан көп зардап шеккен – Қоныстану ауылы. Өзен аңғарын бойлай қоныстанған 5 үй мүлдем жарамсыз күйде. Бұған дейін де талай тасқынды басынан кешірген тұрғындардың осы жолы түн ортасында құйылған мол судың бетін қайтаруға қауқары жетпеген.
Өтеген Сұлтанғалиев, Қоныстану ауылының тұрғыны:
- Бұрынғыдан су 1 метр биік көтеріліп кетті. Тіпті мүмкіндігіміз келмей қалды. Түн ішінде келді. Бұл жағдайға тіпті қолымыздан келетін ештеңе жоқ екен. Осы жерден нан-шайымызды трактордың күрегіне салып шығарып алдық.
Бұл үйлердің барлығы дерлік 1970-80 жылдары саман кірпіштен салынған баспаналар. Сондықтан су тиген кірпіш енді кәдеге жарамайды. Мемлекет қолдау көрсетсе, тұрғындар ауылдың орталығына қарай қоныс аударғылары келеді.
Бақтылы Ыбырашева, ауыл тұрғыны:
- Былтыр еуроремонт жасап алған едік үйімізге. Тұратын жеріміз жоқ. Енші алып кеткен үлкен баламыздың үйіне бардық. Үкіметтен 369 мың теңге алдық бүгін. Бізге үй салып берсе, онда да арғы беттен салып берсе.
Қоныстану ауылы қарайтын Көздіқара ауылдық округінде сәуірдің 1-10 аралығында тасқын беті өте қатты болды. Ауылды қоршай соғылған 8 шақырым бөгетке тірелген су сәт сайын дамбыны жарып кете берген. Қара орманын сақтап қалуға жұмылғандар күндіз-түні күзетте отырғандарын айтады.
Ернар Ізімов, Көздіқара ауылдық округінің әкімі:
- 10 күн бойы топан сумен арпалыстық. Ол халықтың бірлігінің арқасы және штаб арқылы берілген 7 техниканың, осы округтке қарасты қожалықтардың техникасы мен ауыл жастарының еңбегі. Каналдың арғы бетіндегі 5 үйге көмек ете алмадық. Себебі, ол судың өтетін жері, екіншіден сол жерге бал соғылса да су өтіп кетті.
Бүгінде өзен арнасы қалпына түсті. Зардап шеккендердің шығынын облыстық штаб жанынан құрылған бағалаушы комиссия есептеуге кіріскен.
Ерболат Иғали, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:
- Құжаттарын қабылдадық. Бағалаушылардың қорытындысы шыққаннан кейін тиісті ұсыныстар беріліп, суға кеткен тұрғын үйлерге мемлекет тарапынан барлық қамқорлық көрсетіледі.
Қызылқоға ауданы бойынша баспанасыз қалғандар үшін тұрғылықты ауылдан жаңа жер телімдері де қарастылып жатыр. Құжаты қабылданған азаматтар өз ұйғарымы бойынша үй тұрғызып алуға немесе бөлінген қаражатқа дайын баспана сатып алуға құқылы.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин, «24.KZ», Атырау облысы