Авторлық құқықты бұзуға қатысты 58 іс қозғалды
Биыл бірінші тоқсанда авторлық құқықты бұзуға қатысты 58 іс қозғалып, 4,5 млн теңге көлемінде айыппұл өндіріліп алынған.
Бұл жөнінде бүгін Әділет министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Қаңтар мен наурыз айлары аралығында Қазақстанда қорғалатын тауар таңбаларының заңсыз пайдаланылуына қатысты жоспардан тыс 61 тексеріс жүргізілген екен. Және айналымнан жалпы құны 24 млн теңгеге жететін 82 мың 435 контрафактілік өнім тәркіленген. Құқықбұзушылықтардың дені Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысында тіркелген.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Шымкент қаласы Әділет департаментінің қызметкерлері «Henkel» компаниясы өкілдерінің шағымы негізінде көтерме тауарларды сатумен айналысатын ЖШС біріне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында «METYLAN» тұсқағаз желімі тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша 7 миллион теңгеден астам сомаға 14276 бума контрафактілік өнім тәркіленді. Бүгінгі таңда кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәркіленген өнімдер сот шешімі бойынша жойылатын болады.