Абай облысының азаматы ғұмырын жол жөндеуге арнаған

Абай облысында биыл 320 шақырым жол жөнделеді, деп хабарлайды 24KZ.

Осы өңірде еңбек жолын жол жөндеу саласына арнаған азамат тұрады. Бар ғұмыры жол салумен өтіп келе жатқан Әубәкір Нүсіпов бүгінде зейнет демалысына шықса да, сүйікті ісінен қол үзген емес.

Әубәкір Нүсіпов – нағыз еңбек адамы, өз ісінің маманы. Оның жол саласында еңбек етіп келе жатқанына 40 жылдан асқан. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязы, қар мен боранда жолда жүреді. Ауа райы қалай құбылса да, жолаушылардың діттеген жеріне еш кедергісіз жетуін қамтамасыз етуді ол өз міндеті санайды.

Әубәкір Нүсіпов, жол маманы:

- Жолдың енді бейнеті көп қой. Қыстың күні боран-шашын, күн-түн демей жүріп кетеміз. Уақытқа да қарамаймыз. Өйткені адамдарды құтқару керек, жолдан шығу керек. Бұл – жолшының міндеті. Қыста үйде дайын отырамыз шақырып қала ма деп. Ауа райы бұзылып тұрғанда. Еңбегіміз осылай жолда өтті енді. Жас кезімізде келгенбіз, қазір шал болдық.

Әубәкір ағаның еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің аты жазылып, мөрі соғылған. Тұрақты жұмысы – тоғыз жолдың торабындағы Аягөздің №71 жол пайдалану бөлімі.

Әрсен Темірханов, жол жөндеу кәсіпорнының Абай облысындағы филиал директоры:

- Әубәкір Нүсіпов жол саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол – әріптестері арасында сыйлы, өте еңбекқор әрі тәжірибелі маман. Қазір жастарды осы бір қызығы мен қиындығы қатар жүретін жауапты салаға баулып жүр.

Әубәкір Нүсіповтың айтуынша, соңғы жылдары жол саласындағы жағдай жақсарған. Қазір жолдың сапасын қамтамасыз ету үшін жаңа техникалар қолданысқа енгізіліп жатыр. Биыл заманауи техника мен технологияның арқасында облыстық маңызы бар Аягөз-Қарауыл-Қайнар, Шар-Әуезов, Көкпекті-Самар бағыттары сияқты жалпы ұзындығы 75 шақырым жол қолданысқа беріледі. Бұған қоса Қалбатау-Майқапшағай бағыты бойынша жол жөнделіп жатыр.

Айбек Әнуарбеков, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облысы филиалының директоры:

- Көктем айындағы тасқын сулар да кедергісін келтірді. Су шайып кеткен жерлер бар. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ол бағыттағы жұмыстар аяқталды деуге болады. Жалпы биылғы жылдың соңына Талдықорған-Қалбатау-Өскемен жолын толығымен бітіру жоспарымызда бар және Қалбатаудан Майқапшағайға көлік қозғалысын ашу жоспарымызда бар.

Облыс жолдарын күтіп ұстауға 2,6 млрд теңге бөлінді. Осы сомаға шұңқырлар мен жол жиектері жөнделеді. Қиыршықтас төгіліп, жол белгілері мен аялдама павильондары орнатылады. Еліміздегі осындай даңғыл жолдар, сапалы қызмет елдің әлеуетін артттыруға, жолаушының қалаған жеріне қиындықсыз жетуіне оң ықпал ететіні сөзсіз.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.