Су тасқыны: өңірлерде қоғамдық штабтардың жұмысы жалғасып жатыр

Өңірлерде су тасқыны салдарын жою мақсатында құрылған қоғамдық штабтардың жұмысы тоқтаған жоқ.

Табиғи апаттан зардап шеккендер мамандар көмегіне кез келген уақытта жүгіне алады. Ал бүгін Ақтөбе облысында шығын көлемін есептейтін дербес бағалаушы компания штаб алдында есеп берді.  

Өңірлік университеттің жатақханасында су тасқынынан зардап шеккен 13 отбасы тұрады. Дені – Ақтөбе іргесіндегі саяжай тұрғындары. Жалғыз баспанасынан айырылғандар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Ал студенттер уақытша басқа ғимаратта білім алып жатыр. 

Еркін Тастанқұлов, университет проректоры:

- Студенттермен кеңесіп, жағдайды түсіндірдік. Олар бәріне түсіністікпен қарады. Кейін ата-аналарынан да рұқсат алып, жатақхананың осы бөлігі тасқын судан зардап шеккендерге берілді. 22 бөлмеде 100 адамға орын бар. Ал қалалық әкімдік медициналық пункті ұйымдастырды.

Қоғамдық штаб мүшелері жатақханадағы жағдайды күнделікті бақылайды. Тұрмысқа қажетті бұйымдарды үлестіріп, мемлекеттік көмекке қол жеткізудің жолдарын түсіндіреді.

Естай Сисенбаев, облыстық қоғамдық штаб мүшесі:

- Материалдық көмектердің барлығын растау үшін бұл адамдардың құжаттары керек болды да, сол құжаттардың кейбір отбасыларының дұрыс емес болған кездері болды. Үйлердің құжаттары дұрыс болмаған кездері болды. Соның барлығын біз 100% толықтай жөндеп болдық. Қазір ешқандай мәселе жоқ бізде.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың банк алдындағы кредит төлемдері 3 айға кейінге шегерілгені белгілі. Өңірде несиелік қарызы бар 5900 жеке және 200-ден астам заңды тұлға анықталды. Қоғамдық штаб бұл мәселені қаржы институттары өкілдерімен кездесуде көтерді.    

Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық мәслихат төрағасы:

- Әкімдікке зардап шеккен тұрғындардың тізімін қаржы институттарына жолдауды тапсырдық. Несие төлемін кейін шегеруді ұйғарған жандар құжат пен анықтама жинап, бірнеше мекеме арасында сабылмауы тиіс. Жұмыс жүйелі болса, дер кезінде төлем уақытын кейінге шегеріп, өсімпұл да есептелмейді.

Өңірде су басқан 4,5 мыңнан астам үйді зерделеп, шығын көлемін анықтау жұмысы жалғасып жатыр. Бұл іске жауапты дербес бағалаушы компания қоғамдық штаб алдында есеп берді. Осы күнге дейін 400-ден астам отбасына тиісті сараптаманың қорытындысы беріліп, 658 млн теңге өтемақы төленді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.