Тараздық полицей бүлдіршіннің өміріне араша болды

Тараздық тәртіп сақшылары магистралдық каналға батып кете жаздаған бүлдіршінді құтқарды.

Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкері суды көп мөлшерде жұтып қойған 2 жасар балаға жүрек массажын жасап, тыныс алдырған.

Суға әбден тұншыққан балақайды кездейсоқ келіп қалған қала тұрғыны құтқарған. Ал оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкері ес-түссіз жатқан бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тыныс алдырыпты. Бұл көрініс оның бейнежетонына түсіп қалған.

Дәурен Қолқаев, Тараз ҚПБ патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- 4 минутта сол шақыртуға келіп жеттік. Келіп жеткеннен кейін сол жерде өтіп бара жатқан ер азамат пен әйел азаматшасы судан шығарып, көмек көрсетіп жатқанын байқадық. Сол жерге тез арада жүгіріп келіп, баланың көгеріп кеткенін, дем алмай жатқанын байқап, баланы жерден көтеріп, жүрегінің соғуына әрекеттер жасап, алғашқы көмек көрсетіп, әріптесім 103 қызметкерлеріне хабарлап, сол жерге шақырттық.

Ауруханаға жеткізілген Иманәліге дәрігерлер аспирациялық пневмония диагнозын қойды. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Сапаргүл Әбдел, ата-ана:

- Баламды құтқарған қаһармандарға алғысымды айтқым келген еді. Көмекке жүгірген көршіме рахмет. Менің қызым шақырған айғайлап бәріне құтқарыңыздар деп. Сол кезде жүгіріп барып көмектескен әйел сол болады. Ол кісіге үлкен рахмет. Сол уақытта жолдан бір жігіт өтіп бара жатқан екен. Қуаныш деген. Оған да үлкен рахмет.

Тәртіп сақшыларының адам өміріне араша бола білуі - міндет. Бұл үшін апаттар медицинасы орталығында арнайы курстар ұйымдастырылып тұрады.

Құрмет Мәжікенов, Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Аптасына 2 рет Алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар өткізіледі. Біздің облыстың патрульдік полициясының 457 қызметкерінің 300-ден астамы осындай курстардан өтті. Алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары бар деп айтуға болады. Біз бірінші кезекте патрульдік полициямен сабақ өткіземіз, өйткені бұл қызметкерлер қызметте болған кезде 102 шақыруларға, ЖКО орындарына және кез келген төтенше жағдайларға бірінші болып келеді.

Ал қызметтік борышын адал атқарып, бүлдіршіннің өмірін құтқарған Дәурен Қолқаев пен Ералы Сансызбаев тиісті министрліктен «Құқық тәртібін қамтамасыз еткені үшін» медалімен марапатталады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Анастасия Сүлейманова, Эльдар Байділда