Ұлытау облысында тасқыннан зардап шеккендерге баспана салына бастады
Ұлытау облысында су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылар үшін баспана салына бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір Ынталы ауылында бір үйдің құрылысы 40%-ке орындалды. Жалпы көктемде 22 үйге су кірген. Апатты деп танылған 6 үй сүріліп, қайта тұрғызылады. Қалған баспаналар жөнделеді.
Ынталы ауылында бұрын-соңды қарғын судан қауіп болмайтын. Биыл қалың қар күрт еріп, елді мекендегі екі үй су астында қалды. Тасқын зардабын сараптаған комиссия екеуін де тұруға жарамсыз деп таныды. Облыс бюджетінен қаржы бөлініп, бір отбасы аудан орталығы Жаңаарқаға көшірілді. Ал Ынталының өзінде аумағы 80 шаршы метр болатын бір үй тұрғызылып жатыр.
Дулат Ерғалиұлы, Ынталы ауылының әкімі:
- Бізде 10 үй зардап шегіп, оның екеуі жарамсыз болып танылған. Бір отбасыға Жаңаарқадан үй сатып алып берді. Екінші отбасыға үйдің құрылысы жүріп жатыр қазіргі таңда. 40%-тей жұмыс аяқталды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
Қазір үйдің қабырғалары қаланып бітті. Мердігерлер шілде айына дейін қолданысқа береміз деп отыр. Ал оған дейін әкімдік үйсіз қалған отбасына уақытша баспана бере тұрады.
Алпыс Исақов, Ынталы ауылының тұрғыны:
- Қазір жергілікті әкімдік уақытша үй берді. Мұндай жағдай өзі бірінші рет болып тұр. Енді қайталанбасын деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Дәл осы ауылда тағы 8 үйдің ауласы мен қора-қопсысына су кірген. Олар да назардан тыс қалмады. Әрқайсысына 100 АЕК көлемінде біржолғы өтемақы берілді. Сонымен қатар демеушілер 1,5 млн теңгеге азық-түлік, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті.
Мұрат Ыбыраев, Жаңаарқа ауданы әкімінің м.а.:
- Сондай-ақ 1 үйге судың жартылай кіруіне байланысты ағымдық жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 1 млн 168 мың теңге жеке шотына аударылып берілді. Бүгінгі күні жеке тұрғын жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жалпы су тасқыны облыс аумағындағы 22 үйді шайып кетті. Алты үй апатты деген тізімге алынды. Оның екеуі осы Ынталы ауылында болса, қалғаны Жезді кентінде. Ол жерде баспана салынатын аумақ белгіленіп, мердігерлерді анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева.