Ақмола облысында 20 шақырымнан астам жол жөнделеді
Ақмола облысында су тасқыны кезінде бұзылған 20 шақырымнан астам жол жөнделеді, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы өңір автожолдарының 140 учаскесін су шайып кеткен болатын. Қазір олар қалпына келтірілді. Алайда көлік жүруге жарамсыз болған жолдар күрделі жөндеуді талап етеді. Жергілікті биліктің дайындап жатқан жобасына сәйкес алдын ала болжам бойынша жөндеу жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.
Владимир Кулаков, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Автожолдардың күрделі жөндеуі көп қаржыны қажет етеді. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен немесе облыстық бюджеттен қаржы сұрастырамыз. Алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайын болады. Сонымен қатар біздің өңірде тасқын су салдарынан 3 көпір қираған. Оларға қазір техникалық зерттеу жүріп жатыр. Оның нәтижелері бойынша нақты шешім қабылдаймыз. Жаңа көпірлер саламыз немесе бұзылған көпірлерге күрделі жөндеу жасаймыз.