Қарқаралы ауданында демалыс орындары салынады

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында тау баурайындағы 75 гектар жерге және Үлкен көл жағалауына демалыс орындарын салу жоспарланған, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Табиғаты көркем таулы аймаққа апаратын күрежол да жөнделіп жатыр. Өлке туризміне қатысты мәселелер кәсіпкерлер форумында талқыланды.

Айжан Оңғарбай – аудандағы ең жас кәсіпкер. Ол әлеуметтік-мәдени демалыс қызметі мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген. Бүгінде өлкеде экотуризмді дамытуды қолға алған. Шағын кәсібімен 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 5 адамның айлығы мемлекет тарапынан субсидияланады. Тау бөктеріндегі мына глэмпингтерде барлық жағдай жасалған. Сұлу табиғатқа қызығып келушілер өте көп. Сондықтан биыл демалыс аймағын кеңейтіп жатыр.

Айжан Оңғарбай, кәсіпкер:

- Маусым айының 20-нан кейін ашыламыз. Мына жерде жыл он екі ай жұмыс істейтін балаларға арналған сырғанақ болады, саламыз. Сосын ипподром болады, ашық аспан астындағы кинотеатр.

Өлке туризмін дамыту үшін өміршең жобалар қажет. Салаға қатысты жол картасы кәсіпкерлер форумында талқыланды. Жүзеге асырылып жатқан ерекше жобалардың бірі – қала маңындағы тоған жағалауын абаттандыру. Келешекте бұл жер көпшілік демалатын орынға айналады.

Дархан Дәуренбеков, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Мына жерде 85% жұмыс бітті. Шілде айында толық аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Бұл жерде «беседкалар», пирс болады. Шомылып демалуға жақсы орын болайын деп тұр. Қазір ішін тазалау жұмыстарын істейміз. «Шлюзы», барлығы дайын. Суын толтырамыз. Шамамен 2 күнде суы толады.

Қарқаралы қаласының жанындағы Үлкен көл жағалауы мен Бұғылы тауының баурайынан да туристік нысан салуға жер телімдері берілмек.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қала іргесіндегі Бұғылы деп аталатын мына таулы өлкеде келешекте үлкен туристік кешен салу жоспарланып отыр. Ол 5 бөліктен тұрады. Мысалы, бірі тыныш демалысты жақсы көретіндерге арналса, енді бірі шаңғы базасы болмақ.

Қазір бұл маңға әлеуетті инвесторларды тарту бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Содан кейін жобалық-сметалық құжаты дайындалады. Туристер көптеп келу үшін бірінші кезекте жол жақсы болуы тиіс.

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданының әкімі:

- Қарқаралы ауданында туристік кластерді дамыту үшін облысымызда жол картасы қабылданған. Соның аясында республикалық маңыздағы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолын жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда осы жолдың 54 шақырымына орташа жөндеу жүргізілген болса, осы жылы тағы 53 шақырымына жөндеу жүргізілетін болады. Осының барлығы ауданымызға туристердің көптеп келуіне себеп болады деп күтіліп отыр.

Бүгінгі таңда Қарқаралыда 40-қа жуық демалыс орыны жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне 3 мың адамға қызмет көрсете алады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.